Трамп әкімшілігі TikTok қосымшасын бақылауды Oracle мен америкалық инвесторлар тобына беру жоспарын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Азаттық радиосы екі NPR сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Ықтимал инвесторлар арасында Microsoft да бар. Егер бұл жүзеге асса, TikTok акцияларының бақылау пакеті америкалық екі компанияға өтеді.
Басылымның дереккөздері дегенмен TikTok-қа иелік ететін қытайлық ByteDance компаниясы миноритарлық үлесін сақтап қалатынын айтты. Бұл ретте қосымшаның алгоритмдері, дерек жинау және бағдарламалық жаңартулары Oracle бақылауына өтпек.
ByteDance «толығымен жойылмайды», бірақ Қытайдың ықпалы барынша азайтылмақ, деді дереккөздердің бірі NPR-ге.
Келіссөз жалғасып жатыр және келісімнің шарттары әлі де өзгеруі мүмкін. Oracle мен Ақ үй шенеуніктері 24 қаңтарда келісімнің егжей-тегжейін талқылады және келесі аптада тағы бір кездесу жоспарланған, дейді дереккөз.
2024 жылдың көктемінде АҚШ-тың өкілдер палатасы TikTok ByteDance иелігінде қалатын болса, оған тыйым салуға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдаған. Конгресс аталған қосымшаны ұлттық қауіпсіздікке қатер деп қарастырады, өйткені Қытай үкіметі ByteDance-ті америкалық пайдаланушылардың деректерін беруге мәжбүрлеуі мүмкін деп санайды.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден заңға былтыр сәуірде қол қойды, ал биыл қаңтарда Дональд Трамптың инаугурациясына бірнеше күн қалғанда АҚШ Жоғарғы соты заңды бекітті. Құжат 19 қаңтарда күшіне енді.
20 қаңтарда, инаугурация күні Трамп бас прокурорға заңның орындалуын 75 күнге кейінге қалдыру туралы бұйрық шығарды. Осы уақыт ішінде президент әкімшілігі TikTok-ты бұғаттамай, ұлттық қауіпсіздікті қорғайтын жаңа тәсілді әзірлеп үлгеруі керек.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қытай билігі TikTok бақылауын америкалық миллиардер Илон Маскқа беруді қарастырған, бірақ қосымша өкілдері бұдан үзілді-кесілді бас тартқан.