Белгілі кәсіпкер және продюсер Алмас Жәли кезекті ақпараттық шабуылға тап болды. Ресейлік ВЧК-ОГПУ телеграм-арнасы Алмас Жәли бәсекелестері туралы жалған ақпарат жаздыру үшін 2024 жылдың желтоқсанында ұсталған анонимді QirSabyn телеграм-арнасының админдеріне ақша төлеп жүрген деп мәлімдеді. Сонымен қатар, кәсіпкерге криптоәмиян арқылы 90 мың доллар аударылды деген ақпарат та пайда болды. Осы мәселеге қатысты Алмас Жәли Ulysmedia.kz тілшісіне пікір білдірді.
АЛМАС ЖӘЛИ
- Егер мен біреуге қысым жасау үшін өзім ойдан шығарған медиаресурстарды пайдалансам, әлдеқашан бір саясаткер немесе бизнесмен бұл туралы ашық айтар еді ғой. Шынымды айтсам, мұндай айыптаулар маған күлкілі көрінеді. Менімен байланысты ешқандай телеграм-арна, жаңалық сайты немесе басқа да ақпарат құралдары жоқ. Бірақ мені мұндай даулармен байланыстырып жатқандарына таңғалмаймын. Қазіргі заман – ақпараттық соғыс заманы. Көптеген танымал кәсіпкер осындай жағдайға тап болып жүр. Сондықтан бұл жағдайды да сабырмен қабылдаймын, дейді Алмас.
КРИПТОӘМИЯН ТУРАЛЫ
- Егер менің криптоәмиянымды біреу тауып алса, мархабат – өздеріне алсын. Өйткені менде криптоәмиян ешқашан болған емес. Тіпті, криптовалютаның қалай жұмыс істейтінін де білмеймін, дейді кәсіпкер.
ӨЗГЕ АҚПАРАТТАРҒА ҚАТЫСТЫ
- QirSabyn админдері ұсталғаны белгілі. Егер менің бұл каналға қандай да бір қатысым болса, құқық қорғау органдары әлдеқашан менімен де байланысқа шығар еді. Бірақ мен бұл іс бойынша тергеуде күдікті ретінде емес, жәбірленуші ретінде танылғанмын. Дегенмен, мені тергеу іс-шараларына әлі шақырған жоқ. Бірақ жалған посттарға қатысты барлық материалды құзырлы органдарға тапсырдым, дейді Алмас.
ФЕЙКТЕР
– Сіз қандай эпизод бойынша жәбірленушісіз?
– Өткен жылы QirSabyn мен туралы екі рет жалған ақпарат таратты. Бірақ мен олармен дауласқым келмеді – негізсіз ақпаратқа уақыт жұмсағым келмейді. Бұл – құқық қорғау органдарының жұмысы.
Ең қызығы, мені QirSabyn арнасына қатысы бар деп көрсеткен ақпарат ресейлік телеграм-арнада жарияланды. Оларға заң аясында талап қою мүмкін емес, себебі олардың юрисдикциясы басқа. Ондағы админдер мен меншік иелерін ешқашан таба алмайсың. Ал беделді қазақстандық телеграм-арналарда мұндай ақпарат тарамады, өйткені онда ақиқаты тез анықталып, мәселе заң аясында шешілер еді. Бұл ақпараттың ресейлік телеграм-арнада таралуы – оның таза тапсырыс екенінің дәлелі. Кәсіпкер ретінде мен бұған тек күліп қарап, әрі қарай жұмысымды істей беремін.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРНАДАҒЫ АҚПАРАТҚА ЖАУАП
– Қазақстандық “Чемодан госсекретов” телеграм-арнасы өз дереккөздеріне сүйене отырып, сіздің QirSabyn-дағы тапсырыстардың артында тұрғаныңызды жазды. Бұған не дейсіз?
– Өкінішке қарай, мен бұл телеграм-арнаның админдерін де, олардың қандай ақпарат көздеріне сүйенетінін де білмеймін. Егер олар нақты дереккөздерге сілтеме жасап отырса, онда сол ақпараттың қаншалықты шынайы екенін дәлелдеу қажет. Әйтпесе, бұл – кезекті жала және біреудің ақпараттық тапсырысын орындау ғана. Егер “тапсырыс берген” адамның кім екенін білсем, мен бұл істі кеше-ақ сотқа берген болар едім. Қашан нақты кімнің ұйымдастырғанын анықтасам, міндетті түрде сотқа жүгінемін.