Болат Жәмішев "Қазақстан халқына" қорының басшылығынан кетті. Оның орнына кім тағайындалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақстан халқы» қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті. Ол бұл қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Болат Жәмішев Қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдаған.
- Басшылық жасаған кезінде Болат Жәмішев қордың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Қор 104 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасына бастамашы болып, оның 62-сін іске асырды. 29 қаңтарда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қор Басқармасының мүшелерінің қатысуымен өткен брифингте «Қазақстан халқына» қорының жұмыс нәтижелері туралы баяндады, дейді қор өкілдері.
ЖӘМІШЕВ ПІКІРІ
Болат Жәмішев қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді.
- Қорда жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілікті іс болды. Қор қызметінде біздің бастамаларымызды қолдағандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Біз бірігіп айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік және Қордың жаңа басшылықпен өз дамуын жалғастыра беретініне сенімім мол. Барлық серіктестерге, донорларға және қызметкерлерге ортақ игі ісімізге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын, - дейді Болат Жәмішев.
ЖАҢА БАСШЫ КІМ
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрайымы лауазымына қоғам қайраткері, қайырымдылық және Қазақстандағы ҮЕҰ-ның институционалдық дамуы мен әлеуметтік жобаларды басқару саласындағы сарапшы Лаззат Шыңғысбаева сайланды.
Ол бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Атамекен» ҰКП құрметті қызметкері» медалімен марапатталған.
Сондай-ақ, қамқоршылық кеңес қор қызметкерлері София Айсағалиеваны басқарма төрағасының орынбасары, Серікбек Елшібековті «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма мүшесі етіп сайлады.
ҚОР ТУРАЛЫ
2022 жылғы 11 қаңтарда президент Тоқаев денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы проблемаларды шешу үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды. Бұл Қантар оқиғасынан кейін қолға алынды.