Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы Құран сүресін рэп етіп оқыған блогерге және Құранды өртеген швециялықтың өліміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЛОГЕР
Бұған дейін әлеуметтік желіде Juzzeffina лақап атты блогер Жұлдыз Жауынбаева Құран аяттарын рэппен оқимын деп, қатаң сынға қалған. Желі қолданушылары оны өткір сынады. Видеода Айшолпан есімді блогердің қолындағы микрофонға таласқан сәтте Жұлдыз оны тартып Құранның бір сүресін рэппен оқиды.
- Әлеуметтік желіде күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті болған Құран Кәрімді өртеу оқиғасына қатысты бейне материал таралуда. Ең өкініштісі, бұл әрекет әлеуметтік желі қолданушылары үшін челлендж секілді ұсынылып отыр. Сондай-ақ отандық блогердің Құран аяттарын, нақты айтқанда «Мағун» сүресін әлдебір мерекелік кеште оқыған видеосы жарияланды. Контентті ұсынушылар «Блогер мас күйінде Құранды рэп қылып оқып, жұртты шошытты» деп жазды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шыққан әрекеттерге алаңдаушылық білдіреді және олардың ісін қатаң айыптайды, сонымен қатар азаматтарды бүлікшілердің арандатуына алданып қалмауға үндейді, дейді ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы.
Блогер барша мұсылман халқынан басын иіп кешірім сұраған болатын. “Сіздердің ешқандай бұл жерде кінәларыңыз жоқ, сіздерге жалған ақпарат беріп, миларыңызды улаған” деді. “Мақтанып қалайын” деген ниетім үшін күйіп отырмын деді ол.
ҚҰРАНДЫ ӨРТЕУ
Сонымен қатар, 29 қаңтарда кешкі уақытта Швейцарияның Сёдертелье қаласында атыс болып, 38 жастағы Салван Момик өлі табылған. Ол 2023 жылы Құранды өртеу бойынша акция ұйымдастырған болатын.
- Расында жер бетіндегі барша мұсылман баласы үшін қасиетті де қастерлі болған Құранды өртеу – шектен шығудың ең үлкені. Бұл – адамгершілікке мүлде жат іс. Бүлікшілер өрескел ісімен өздерінің адамға тән болмысын қорлауда. Шын мәнінде қасиетті Құранды құрметтеген адам Алланың құрметіне бөленеді. Қасиетті кітапты кемсіткен кісінің амалы Алланы кемсіткенмен тең. Құранды сақтаушы да, қорғаушы да бір Алла. Бұл туралы қасиетті кітабымызда: «Шүбәсіз, осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз» («Хижр» сүресі, 9-аят) деп баяндалған.
Ал Құран Кәрімді келемеждеу, оны мазаққа айналдыруды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті кітапқа құрметсіздік деп есептейді. Өйткені бұл жерде Құран Кәрім де, оған қатысты әдептер де аяқасты етілген. Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі, адамзатқа жіберілген ұлы мұғжизасы әрі мұсылман үмбеті үшін қасиетті кітап. Сондықтан Құранды дәретпен, ықыласпен, қырағатпен оқу керек, делінген мәлімдемеде.