Әнші Алмас Кішкенбаевтың ісі сотқа түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ақпарат сот кабинетінде пайда болды.
Әншіге қатысты іс Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралатын болды.
ІС СОТҚА ТҮСТІ
Сот бұл істі өндірісіне қабылдады.
- Сот өндірісінде Кішкенбаев Алмас Бексейітұлына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық”) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралуда. 2024 жылғы 31 қаңтарда іс бойынша мән-жайларды қарастыру мүмкін болмады, себебі жәбірленуші, кәмелетке толмаған К.-ның заңды өкілі ауызша өтініш білдіріп, іс материалдарымен танысу үшін қарау күнін кейінге қалдыруды сұрады, – делінген сот кабинетіндегі ақпаратта.
Сот отырысы бүгін, 3 ақпанға белгіленген.
Алмас Кішкенбаевқа ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылуда. Бұл бап бойынша - “Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер” үшін жауапкершілік қарастырылған.
ҚАНДАЙ ЖАЗА
Кішкенбаев бұл бап бойынша ол 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл төлеуі немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
БҰҒАН ДЕЙІН
31 қаңтарда әнші Алмас Кішкенбаев полицияға жеткізілді. Алматыда полицейлер 17 жастағы баланың арызына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. 17 жастағы жасөспірімнің айтуынша, 40-қа таяған ер адам сыраға тапсырыс беріп, содан кейін бірге ішуді ұсынған. Әуелі бұл туралы ақпаратты журналист Михаил Козачков таратқан. Оның сөзінше, күдікті ер адам - белгілі әнші Алмас Кішкенбаев. Алматының полиция департаменті бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, әкесінің кәмелетке толмаған ұлына жабысқаны туралы бойынша тексеру жүргізілетінін, полицияға барлық мән-жайларды анықтау үшін К. есімді азамат жеткізілгенін хабарлады.