Қосымша құн салығының өсімі азық-түлік бағасына қалай әсер етеді

Сымбат Сатыбалдина

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев қосымша құн салығы көбеюі азық-түліктің бағасына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Мәжіліс кулуарында Ұлысмедиа тілшісі вице-министрден қосымша құн салығы 16 немесе 20 пайызға өскен жағдайда азық түлік қаншаға қымбаттауы мүмкін екенін сұрады. 

- Әлі шешім қабылданған жоқ. Бірақ қазір үкіметте әлеуметтік маңызы бар тауарларға салықты өсірмеу және үй жанындағы дүкендерге қосымша құн салығын қоспауды қарастырып жатырмыз. Негізгі түсінік бар. Сондықтан ауыл шаруашылығында салық жоқ, дүкендерде салық төмен болады және әлеуметтік маңызы бар тауарларға салық өспейді деп пайымдап жатырмыз. Ауыл шаруашылығында шығатын өнімдер салық өсіміне ұшырамайды. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға қымбаттау әрдайым болады. Бірақ қарқынды өсім болмайды, дейді Төребаев. 

ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕДІ

Еске салайық, 28 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салықтың көтерілуі тауарлар мен қызметтердің бағасына қалай әсер ететінін айтқан болатын. 

Жұманғарин салықтың көтерілуі тауар мен қызметтердің бағасына қалай әсер ететіні әлі есептеліп жатқанын айтты. 

- Мұны есептеп жатырмыз. Біз Ұлттық банк өкілдері, ірі кәсіпкерлер және сарапшылармен пікір алмастық. Олар арнайы макроқажылық модельдер арқылы есептейді. Бағаның көтерілуі тауарларға байланысты. Меніңше, күнделікті тұтынып жүрген тауарлар шамамен тек 5-6 пайызға артық көтерілмейді, алайда инфляция артады. Дегенмен ол да қысқа мерзімді ғана болмақ, яғни бір жылдық артық көтерілмейді. Оның үкіметке берері (ҚҚС) көп. Өйткені 6-7 трлн қосымша ақша үкіметтің даму бюджетіне барады, дейді Жұманғарин брифингте.