Оны не істейсіз — Жұманғарин ҚҚС көтеру идеясы кімдікі екенін айтпай қойды

Сымбат Сатыбалдина

Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру туралы ұсыныстың авторы кім екенін айтпай қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Сенат кулуарында Ұлысмедиа тілшісі Серік Жұманғариннен қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру туралы ұсыныстың авторы кім екенін сұрады. 

- Оны не істейсіз?, деді Жұманғарин. 

Вице-премьер ол үкіметтің бастамасы деп жалпылама жауап берді. 

- 28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында мен бағдарлама жасадым. Бәрін анық айттым. Менің бағдарламамнан сіз 20 пайыз туралы бір сөз естіген жоқсыз. Сондықтан осы әңгімені қою керек. Қазір бизнес өкілдерімен, сарапшылармен өз арамызда пікір алмасып жатырмыз. Содан кейін үкімет өзінің шешімін қабылдап, парламентке кіргеннен кейін сіздер білесіздер. Ертең президент ірі бизнес өкілдерімен кездеседі, содан кейін мен Атамекен алаңына шығамын. Содан кейін подкастқа қатысамын. Келесі апта дүйсенбіден бастап алты жұмыс тобы бүкіл өңірлерге шығады. Өңірлерде бизнес өкілдерімен кездесеміз. Ішінде мәслихат депутаттары да бар. Солармен бәрін талқылаймыз. Содан кейін пікір алмасып, шешім қабылдаймыз. Қазір ол туралы айту әлі ерте, дейді Жұманғарин.  

Сонымен қатар, Серік Жұманғарин қосымша құн салығына қатысты болжам бойынша шешім қашан шығатынын айтты. 

- Баспасөз мәслихатында 20 ақпанға дейін мәжіліске енгізуіміз керек. Себебі салық кодексін толықтыру туралы заң жобасы жатыр. Соған қосымша түзетулеріміз бар, дейді вице-премьер. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз. 

Сондай-ақ бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатып, бастамаға қарсылық білдірді. 

Экономикалық даулар саласындағы адвокат, бұрынғы салық кеңесшісі Жангелді Сүлейманов те Үкіметтің Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасын 20 пайызға дейін көтеру идеясымен келіспейтінін жеткізді.