АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қатысты мәлімдеме жасап, бұл елдің болашағы туралы даулы пікір білдірді. Бұл сөздер Ақ үйдің Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі қарсаңында айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz DW ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ ПЕН УКРАИНА КЕЛІСІМІ
The Telegraph басылымының хабарлауынша, Трамп Украина билігінің АҚШ-қа жалпы құны 500 миллиард доллар болатын сирек кездесетін металдарды беруге келіскенін айтты. Ол бұл келіссөздердің нәтижесі Вашингтонның Киевке көрсететін әскери көмегіне әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
«Олар бұл келісімді жасай алады немесе жасамайды. Бір күні Ресейдің құрамына кіруі мүмкін, немесе бұл болмайды», – деді Дональд Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында.
ВАШИНГТОН МЕН КИЕВ КЕЛІССӨЗДЕРІ
АҚШ президенті арнайы өкілі, генерал Кит Келлогг жақын күндері Киевке сапармен баратынын растады. Сонымен қатар, 14 ақпанда АҚШ вице-президенті Джеймс Вэнс Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында Владимир Зеленскиймен кездесуді жоспарлап отыр.
Зеленскийдің өзі Трамппен жеке кездесу ұйымдастыруға жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. 10 ақпанда ол Украина үшін «шынайы бейбітшілік пен тиімді қауіпсіздік кепілдіктерін» қамтамасыз етуге шақырды.
УКРАИНАДАҒЫ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН МЕТАЛЛДАР
Украинадағы сирек кездесетін металдардың қоры 12 триллион долларға жетуі мүмкін. Бұған дейін Трамп АҚШ-тың Украинаға әскери көмек көрсеткені үшін осы ресурстардың бір бөлігін алғысы келетінін айтқан еді.
РЕСЕЙДІҢ РЕАКЦИЯСЫ
Трамптың мәлімдемесіне Ресей тарапы да жауап берді. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинаның «елеулі бөлігі» қазірдің өзінде Ресей құрамына кірді деп мәлімдеді. Ол 2022 жылы Ресей өз аумағына қосқанын жариялаған төрт облысты (Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон) меңзеді. Алайда бұл аймақтар толықтай Мәскеудің бақылауында емес, ал халықаралық қауымдастық, соның ішінде Қазақстан, Украинаның аумақтық тұтастығын мойындайды.
ТРАМПТЫҢ СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ ЖОСПАРЫ
Дональд Трамптың Ресей-Украина соғысын тоқтату жоспары қақтығысты қазіргі шекарада тоқтатуды көздейді. Бұл Ресейдің басып алған шамамен 20% аумағын өз бақылауында сақтап қалуын білдіреді. Халықаралық қауымдастық бұл жоспарға сын көзбен қарап, Украинаның егемендігі мен тұтастығын сақтау қажеттігін алға тартып отыр.