Қазақстанның сыртқы қарызы қанша - Ұлттық банк мәлімдемесі

Ілияс Бақыт

ҚР Ұлттық Банкі 2025 жылғы 1 қаңтарға арналған елдің сыртқы қарызының алдын ала бағасын жариялауды бастады. Бұған дейін Ұлттық Банк сыртқы қарыз бойынша есептік деректерді әр тоқсан аяқталғаннан кейін 90 күн ішінде жариялап келген. Енді бұл есептік мәліметтерге қосымша ретінде Қазақстан Республикасының сыртқы қарызының алдын ала бағасы да жарияланатын болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ ДЕГЕН НЕ?

Сыртқы қарыз – бұл белгілі бір уақыттағы резиденттердің резидент еместер алдындағы өтелмеген және сөзсіз орындалуы тиіс міндеттемелері, олар негізгі қарызды және/немесе пайыздарды төлеуді талап етеді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ҚАРЫЗЫ

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2025 жылғы 1 қаңтарға арналған елдің сыртқы қарызының алдын ала бағасын жариялады. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанның сыртқы қарызы 165 миллиард 630 миллион АҚШ долларын құрады.

Бұл соманың негізгі бөлігі – 91 миллиардтан астам доллар – тікелей инвестициялармен (корпоративті қарыздармен) байланысты. Сонымен қатар:

  •  13,2 миллиард доллар – банктердің қарызы (оның ішінде 2,4 миллиарды Ұлттық Банкке тиесілі);
  • 🔹 12,7 миллиард доллар – мемлекеттік басқару органдарының қарызы;
  • 🔹 45,5 миллиард доллар – басқа секторлардың міндеттемелері.

Ұлттық Банктің деректеріне сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның сыртқы қарызы 161 миллиард 163 миллион долларды құраған. Ал 2024 жылдың басына қарай бұл көрсеткіш 163 миллиард 551 миллион долларға дейін өсті.

Осылайша, соңғы екі жылда елдің сыртқы қарызының өсу үрдісі байқалып отыр. Ұлттық Банк тоқсан сайын сыртқы қарыздың алдын ала бағасын жариялап, елдің қаржылық жағдайын жедел бағалауға мүмкіндік береді.