«Қазақ тілін білгенім үшін айлығымды өсірді»: бұрынғы вице-министр Алтынбек Сәрсенбайұлын есіне алды

Сымбат Сатыбалдина

Өзекті саясат институтының директоры, бұрынғы қоғамдық даму вице-министрі, Қазақстанның Украина мен Польшадағы бұрынғы кеңесші-елшісі Сергей Коновалов кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлының басшылығымен жұмыс істеген сәтін есіне алды. Ол кезде Алтынбек Сәрсенбайұлы министр қызметін атқарған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: voxpopuli.kz

ЕСТЕЛІК

Сергей Коновалов бұл естелігін Telegram арнасында жазды.

- Ол – менің мемлекеттік қызметтегі алғашқы министрім еді. Қазір кейбіреулер бұл министрліктің атауын да есіне түсіре алмайды, ал оның қандай күшке ие болғанын білетіндер тіпті аз. Бұл – мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі еді. Ол бұрынғы саяси ағарту үйінде, Бейбітшілік – Жангелдин көшелерінің қиылысында орналасқан болатын және негізі суперминистрлік еді. Оның құрамына БАҚ, тіл саясаты, баспа ісі, өңірлік ақпарат және қоғамдық келісім басқармалары, діни және ұлттық саясат мәселелері кірді. Бұл министрлік бүкіл үкіметтің бағытын айқындайтын. Ол жүргізген әлеуметтік зерттеулер кейде кадрлық шешімдерге де әсер етіп жіберетін, – деп еске алады Коновалов.

Коновалов 2000 жылдың қыркүйегінде министрлікке ішкі саясат департаментінің қоғамдық-саяси жұмыстар бөліміне қарапайым маман ретінде жұмысқа орналасқан. Ол кезде бұл бөлімді марқұм Олег Рябченко басқарған.

- Мен өмір бойы есімде қалған бір оқиғаны айтайын. Мемлекеттік қызметке, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне жұмысқа кіргеніме бір-екі ай ғана болған кез еді. Қызметтік тапсырмалармен жүгіріп жүріп, кенет қабылдау бөлмесінен маған: «Сергей, бірінші қабылдау бөлмесіне бар!» – деген дауыс естілді. Бұл – министрліктің негізгі қабылдау бөлмесі болатын. Жас мамандар үшін ол – қасиетті орынмен барабар еді, өйткені біз тіпті вице-министрдің өзіне өте сирек кіретінбіз. Ал бұл жолы бірден басты қабылдау бөлмесіне шақырылдым. Мен ештеңе ойламай жүгіріп бардым, әлдебір құжатты алып кету керек шығар деп ойладым, – деп жазды Коновалов.

МИНИСТРМЕН КЕЗДЕСУ

Қабылдау бөлмесінде көмекші оған блокнот пен қалам беріп, министрдің жанына жіберген.

- Ішке кірдім. Министр жұмыс үстелінде отыр екен. Автоматты түрде қазақша сөйлеп кеттім. Бұл – Семейден қалған әдетім. Қазақша амандастым. Ол орнынан тұрып, мені кеңес үстеліне қарай шақырды. Әңгімеміз қазақ тілінде жалғасты. Нақты не жайлы сөйлескеніміз есімде жоқ. Бірақ ол менің қайдан екенімді, немен айналысқанымды, қайда оқығанымды сұрады. Бұл – менің өмірімдегі тағдырыма әсер еткен кездесулердің бірі болған шығар. Кабинеттен шыққан соң біртүрлі күйде болдым. Бір ерекше, маңызды нәрсе болғанын түсіндім, – деп еске алады Коновалов.

Осы кездесуден кейін сол кездегі ішкі саясат департаментінің жастар саясаты бөлімінің меңгерушісі Дархан Калетаев бәрінің көзінше: “Қазақ тілін білгені үшін Коноваловқа жалақысына үстемеақы қосылды”, – деп мәлімдеген.

- Міне, бұл ширек ғасырдай уақыт бұрын болған оқиға. Бұл кездесу әлі күнге дейін есімде. Алтынбек Сәрсенбайұлын да ұмытпаймын. Ол – менің мемлекеттік қызметтегі мансабымның бастауында тұрған алғашқы министрім еді, – деді Коновалов.

ҚАЙРАТКЕР ЖАЙЛЫ

Алтынбек Сәрсенбайұлы (1962-2006) – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2002-2003), Ақпарат және қоғамдық келісім министрі (2004), "Ақ жол" саяси партиясының негізін қалаушылардың бірі.

ҚАЗАСЫ

2006 жылғы ақпанда Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлын екі көмекшісімен бірге ұрлап әкетіп, атып өлтірді. Қылмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Арыстан" тобының офицерлері қатысқаны анықталды. Сот үш адамды өлтірген қылмыскер деп таныған бұрынғы полицейге өмір бойына түрме жазасын кесті. Ал қылмыстық іс бойынша екі рет сот өтіп, әр жолы бұрынғы лауазымды тұлғалар кісі өлтіруге тапсырыс беруші деп танылып, екі басқа үкім шықты. Марқұмның туыстары мен серіктері оны "саяси қастандық құрбаны" деп атайды. Олар қылмыстың құпиясы әлі толық ашылған жоқ деп санайды.