Алматыда 13 магнит жұтып қойған екі жасар баланы дәрігерлер әрең аман алып қалды

Сымбат Сатыбалдина

Алматыда 2 және 7 жастағы балалардың ішегінен магниттер алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

13 МАГНИТ

Бірінші жағдайда дәрігерлер 2 жастағы баланың ішегінде 13 магниттің тұрып қалғанын анықтады. 4 қаңтарға қараған түні екі жасар бала ішінің қатты ауырсынуына шағымданып, Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөліміне түскен. Ата-аналар баланың жағдайының нашарлағанын байқап, оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізді.

- Науқастың ауруханаға түскен кездегі жағдайы ауыр деп бағаланды. Біз жедел төмен ішек өтімсіздігін, перитонит және инфекциялық-уытты шокты анықтадық. Оған жұтылған магниттік конструктор себеп болды. Баланың ішегінен 13 ұсақ магнит анықталды, деді қабылдау бөлімінің жауапты хирургі Азат Мамырасыл.

Медициналық көмек кешіксе қайғылы жағдай болуы мүмкін екенін түсінген дәрігерлер шұғыл хирургиялық операция жасады.

- Біз ортаңғы лапаротомия жасап барлық 13 магнитті аш ішектен шығардық. Операциядан кейін бала реаниматологтардың бақылауымен қарқынды терапия бөлімінде біраз уақыт болды. Содан кейін ол бейіндік бөлімге ауыстырылды, ал бір аптадан кейін үйіне шығарылды, — деді хирург.

МАГНИТ 9 КҮН БОЙЫ ІШЕКТЕ БОЛҒАН

Екінші жағдайда, 7 жастағы бала ішкі ағзасындағы магнит ойыншықтармен 9 күн бойы жүрген. Тура бір айдан кейін, 4 ақпанда БШМЖО-ға магнит жұтқан тағы бір бала түсті. Алайда 7 жастағы баланың ата-анасы медициналық көмекке бірден жүгінбеген.

- Ауру тарихына сәйкес, бала 27 қаңтардан бастап ауырған. Ата-анасы баласының жағдайы нашарлағаннан кейін жеке клиникаға апарған. Ол жерде рентгенге түсіріліп, ішегінде бөгде заттың барын анықтаған. Дәрігерлер ауруханаға жүгіну қажет екенін ескерткен, бірақ ата-анасы баланың жағдайын өз бақылауларына алған, деді Азат Мамырасыл.

Алайда, күн өткен сайын баланың жағдайы нашарлай түседі. 4 ақпанда баланың іші қатты ауырып, әлсіздік пайда болып, күніне 15 ретке дейін құсқан. Тек осы кезде ғана оның жақындары жедел жәрдем бригадасын шақырып, шұғыл түрде балаларға жедел медициналық жәрдем көрсету орталығына алып келген.

- Диагноз — жедел төмен ішек өтімсіздігі және асқазан-ішек жолындағы бөгде зат. Бізге екі күрделі операция жасау керек болды. Бірі медианалық лапаротомия, ішек өтімсіздігін жою, 13 магнитті алып тастау, жұқа анастомозды қолдану, санация, трансанальды интубация және іш қуысын дренаждау, — деп түсіндірді хирург.

Ауруханаға жатқызу ұзақ уақытқа созылғанына қарамастан, дәрігерлер баланы құтқара алды. Қазір ол толық сауығып, ауруханадан шығарылды.