Астанада баланы бетінен пышақтаған жасөспірім қазір қайда

Сымбат Сатыбалдина

Астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баланы бетінен пышақтаған жасөспірім қазір қайда екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Астана ПД

МӘН-ЖАЙ

Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы 2010 жылдың 7 тамызында туған кәмелетке толмаған балаға қауіпсіздік шаралары қолданылып, бір ай мерзімге психиатриялық стационарға жатқызылғанын хабарлады.

- Науқасқа күшейтілген бақылау режимі белгіленді, деп атап өтті басқарма өкілдері.

Бұл шешім Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысы негізінде қабылданған.

ЗАРДАП ШЕККЕН БАЛАНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ

Бала №2 көпсалалы балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер қан кетуді тоқтату үшін тамырларды байлау (лигирование) операциясын сәтті өткізді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда баланың жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесінде. Десе де, бала белсенді. Бұл бала оңалып келе жатыр деген сөз.

Дәрігерлер оның денсаулығын үнемі бақылауда ұстап отыр.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, жантүршігерлік жайт 11 ақпанда болған. Жәбірленуші бала небәрі 5 жаста. 

Лифт ішінде пышақпен балаға шабуыл жасаған адам – психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім екені анықталды.