Сатиралық паблик иесі Темірлан Еңсебектің соты кейінге қалдырылды

Сымбат Сатыбалдина

Сатиралық паблик иесі Темірлан Еңсебектің соты кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

СОТ ҚАШАН ӨТЕДІ

Темірлан Еңсебектің соты 21 ақпанға шегерілді. Бұл туралы оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. 

Сот кеңсесі оған бұл прокурордың өтініші бойынша жасалғанын айтты. Балғабаева бұл өтініштің қашан, қайда қаралғанын білмеймін деп отыр. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Темірлан Еңсебектің соты онлайн өтетіні хабарланған болатын. Сот бүгін сағат 10.00-де онлайн өтуі қажет болған. 

Сотқа дейінгі тергеу амалдары 31 қаңтарда аяқталған. "Азаттық" радиосына оның адвокаты Жанар Балғабаева осылай хабарлаған.

Біз өзіміз таңғалып отырмыз. Тіпті сот кеңсесі де таңғалғанын жасырмайды. Прокурорлар мен тергеушілер асығыс. 3 ақпанда мен арыз жібергенмін, оны қарау мерзімі үш күн еді. Бірақ мен жібергеннен кейін бірнеше минуттан соң [өтінішті қанағаттандырудан] бас тартатын хабарлама келді. 10 минуттан кейін іс прокурорға кетіп, бірнеше күннен кейін сотқа кетті. Барлық мерзім сақталып отырған жоқ немесе ең төменгі деңгейге жетуге тырысады. Барлық мерзім өте тез өтті, - дейді Жанар Балғабаева.

Бұған дейін Алматы полиция департаменті QazNews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қарсы қылмыстық іс оның сатиралық жарияланымдарымен байланысты емес деп мәлімдеген болатын.

ТЕМІРЛАН ЕҢСЕБЕК НЕ ҮШІН ҰСТАЛДЫ

QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған «ұлтаралық алауыздық қоздырды» деген айып тағып отыр.