Антикордың экс-бастығы Алик Шпекбаев Сингапурдағы тойда бой көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Белгілі PR маман, блогер Әлішер Елікбаев TikTok-парақшасында түсірген влогта Алик Шпекбаев көзге түсіп қалған. Видеода блогер қазақстандықтардың Сингапурдағы тойына бара жатқанын, сол тойға әйелімен бірге қатысқанын айтады.
Шпекбаев шаңырақ көтеріп жатқан жастарды қарсы алу рәсімінде видеоға түсіп қалған.
ШЕНЕУНІКТЕРДІ СЫНАУЫ
Айта кетейік, 2018 жылы Алик Шпекбаев шенеуніктердің аста-төк тойын сынап, қарапайым әрі кішіпейіл болу керегін айтқан болатын.
- Ауқымды түрде және әдеті өткен үйлену тойларынан түсірілген бейнебаяндар әлеуметтік желілерде жиі жарияланып жатады. Зал толы гүл. Той сахнасында шоу-бизнес жұлдыздары. 500-600 адамдай қонақ. Кейін анықталатындай, бір өңірдегі басқарманың басшысы қызының немесе ұлының үйлену-ұзату тойларын тойлап жатады. Және бұл бүтіндей бір үрдіске айналды. Осы тектес бейнебаяндар желілерде тарап, жұртшылықты көптеген сұрақтар мазалап жатады. Олардың арасында ең көп тараған және орынды қойылатын сұрақ – «Ақшаны қайдан алды?».
Осы тұрғыдан тағы бір маңызды мәселе туындайды. Қатардағы мемлекеттік қызметшілер де басшыларынан қалмай, мерекені әлі жеткенше дүрілдетіп өткізуге тырысады. Бұл енді басқару моделін және құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастырмайтын даңғойлық жәрмеңкесі емей немене???, деген еді Шпекбаев Facebook парақшасында.
ШПЕКБАЕВ ҚАЗІР ҚАЙДА
Соңғы деректер бойынша, Алик Шпекбаев былтыр наурызда құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық желіні басқарып отыр.