Жамбыл облысы, Қордай ауданында билеті өтпей жатқан әншінің концертіне мұғалімдерден ақша жиналған. Оқу-ағарту министрлігі бұл жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай жазды.
- Жамбыл облысы, Қордай ауданынан мынадай хат келіпті: Айбек Қайбулла деген әнші Қордайға келеді екен, билеті өтпей жатыр екен, соның концертіне неге мұғалімдер ақша жинауы тиіс? Қордай аудандық білім бөлімінің тапсырмасы, неге мектептерге бөліп тастайды, билеті өтпесе де біз кінәліміз бе? Қайырымдылық концерт болса бір жөн. Болмайтын нәрсеге ақша жинататын, оның бәрі ұсақ нәрсе екенін түсінемін, бірақ неге білім бөлімі міндеттейді соны? Қайырымдылық концерт болса, жетімдер үйінен келіп концерт қойса с удовольствием баратын едік, мектептерге осылай бөліп тастайды, барсаң да, бармасаң да жинап бересің деп, деген хат келген.
МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ
Бұл жайтқа қатысты оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы пікір білдірді. Министрліктің білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті бұл жағдай бойынша тексеру жүргізеді.
- Заң бұзушылықтар расталған жағдайда заңнама шеңберінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, "педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзғаны үшін қызметтік тергеу негізінде Қордай ауданының жергілікті атқарушы органы өкілінің жауапкершілігі қаралатын болады, дейді Мереке Амангелдіқызы Ұлысмедиа тілшісіне берген жауабында.