Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов блогерлердің салығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Ол табысы туралы өтірік ақпарат берген блогерлер қалай жазаланатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Елемесов миллиардтаған теңге салық берешегі туралы хабарлама алған қазақстандық блогерлер қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
- Уәкілетті орган тиісті тексеру жүргізіп, нақты шығын көлемін анықтайтын хаттама немесе қорытынды бергеннен кейін ғана қылмыстық істі тіркей аламыз, деді ол.
Осыдан кейін ғана ведомство қарыз сомасы заңда белгіленген шекті мөлшерден асқан жағдайда қылмыстық істі тіркей алады. Әйтпесе, блогерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
ТІЗІМ
Еске салайық күні кеше журналист Козачков телеграмм арнасында құпия тізім жариялаған болатын. Суреттегі тізімде Қазақстандағы блогерлердің біразы бар. Бұл қатарда 2 миллиард теңгеден астам соммамен Бейбіт Әлібеков көш бастап тұр. Одан бөлек Баян Алагөзова, Ерке Есмахан, Алтынай Жорабаева, Тоқтар Серіков есімді шоу бизнес өкілдері де бар.
Тізімде тек шоу-бизнес өкілдері ғана емес. Оның ішінде, белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Мұхтар Тайжан да бар. Сондай-ақ тізімде жүргендердің бірі – белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау. Бүгін Мұхтар Тайжан мен Сырымбек Тау бұл жайтқа қатысты пікір білдірген болатын.
БҰҒАН ДЕЙІН
Блогер Әлішер Елікбаев желідегі парақшасында блогерлердің салық органдарынан хат алғанын жазған еді.
Елікбаевтың сөзінше 14 ақпаннан бастап блогерлер, инфлюенсерлер, ақпараттық бизнес өкілдері, спортшылар және танымал адамдар жаппай салық органдарынан "валентинка" ала бастаған. Айтуларынша, алғашқы толқында 8 000 адамға хабарлама жіберілген.