Жақында пайда болған "салық төлемеген" блогерлердің тізімі қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутаттар оның қайдан шыққаны туралы түрлі нұсқа айтып, жеке деректердің тарап кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
РЕСМИ ҚҰЖАТ ПА
Мәжіліс депутаты Ерболат Сауықов бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдіріп, ең алдымен тізімнің ресми екендігін көз жеткізу керегін атап өтті.
— Егер бұл тізім рас болса, мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) оның түпнұсқалығын растауы қажет және халыққа түсініктеме беруі тиіс. Бірақ әзірге ешқандай ресми мәлімдеме болған жоқ, — деді депутат.
Сауықов бұл тізімнің қайдан пайда болуы мүмкін екенінің үш нұсқасын айтты. Біріншісі — қоғамды әдейі шатастыру мақсатында жасалған жалған тізім болуы мүмкін. Екіншісі — мәліметтерге қол жеткізе алатын адамдар әдейі ақпаратты сыртқа шығарған. Үшіншісі — бұл жағдай белгілі тұлғалардың салықтық қарызы мәселесіне назар аударту үшін жасалған болуы мүмкін.
Сонымен қатар, депутат тізімдегі кейбір күмәнді сандарға назар аударды. Мысалы, бір танымал блогерге 37 миллиард теңге көлемінде салықтық берешек есептелгені көрсетілген. Бұл сома ақылға қонымсыз және тізімнің шынайылығына күмән келтіреді. Сауықов тізімнің тарап кетуі қосымша құн салығының көтерілуін талқылаудан көңілді басқа нәрсеге бөлетін маневр болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
— Резонанстық тақырып пайда болғаннан кейін бірден басқа үлкен жаңалықтар пайда болады, деп түйіндеді Сауықов.
ДАЙРАБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Оның әріптесі, мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев та бұл жағдайға қатысты пікірін білдіріп, деректердің таралуы мен шахтадағы қайғылы оқиғаның бір мезетте болғанына назар аударды. Ол сондай-ақ жеке деректердің жариялануы қылмыстық әрекет екенін ескертіп, алдымен тізімнің қайдан шыққанын анықтау маңызды екенін баса айтты.
— Бүгін мен МКК өкілінен бұл тізімнің рас-өтірігін сұрадым. Олар мұндай мәліметтердің өз базаларында жоқ екенін айтты, деп мәлімдеді депутат.
САРЫМНЫҢ ОЙЫ
Депутат Айдос Сарым да бұл жағдайға қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол мұндай тізімдерді расталмаған күйде жариялау жеке мәліметтердің қорғалуы мәселесін көтеретінін айтты.
— Бұл мәліметті таратқан адам жауапқа тартылуы керек. Менің білуімше, бұл тізімде МКК-нің ресми мөрлері жоқ, және салық комитетінің жұмыс отырысында оның түпнұсқалығы расталмады, деді Сарым.
Оның айтуынша, бұл мәселе тек әлеуметтік желідегі аудиторияға ғана қызық болуы мүмкін.
— Бұл тізім Facebook пен Instagram-да отыратын шағын ортаға ғана қатысты. Қазақстан халқының басым бөлігі бұл блогерлерді танымайды да, олардың табыстары туралы ойламайды. Сондықтан «Фейсбукстан» мен Қазақстанды шатастырмау керек, деп түйіндеді ол.
Қазіргі уақытта даулы тізімнің түпнұсқалығы әлі расталған жоқ. Дегенмен, депутаттар бір мәселеде бірауыз ой айтып отыр: егер расында да жеке деректер заңсыз таралып кеткен болса, бұл елдегі ақпараттық қауіпсіздіктің әлсіздігін көрсетеді. Мұндай жағдайға кінәлілер — мейлі олар шенеуніктер болсын, не болмаса жалған тізімді жасап, оны өз мүддесі үшін таратқан адамдар болсын — міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс.
БҰҒАН ДЕЙІН
Блогер Әлішер Елікбаев желідегі парақшасында блогерлердің салық органдарынан хат алғанын жазған еді.
Елікбаевтың сөзінше 14 ақпаннан бастап блогерлер, инфлюенсерлер, ақпараттық бизнес өкілдері, спортшылар және танымал адамдар жаппай салық органдарынан "валентинка" ала бастаған. Айтуларынша, алғашқы толқында 8 000 адамға хабарлама жіберілген.
Бұл жағдайға қатысты тізімде жүрген кейбір танымал қазақстандықтар пікір білдірген болатын.