"Орда" тобының әншілері шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовпен істесіп, қалай кетіскенін есіне алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ҚАЗІР ОЙЛАСАҚ, ДҰРЫС БОЛҒАН ЕКЕН”
Режиссер Қанат Бейсекеевтің ютуб-арнасына сұхбат берген “Орда” тобының әншілері бизнесмен Тоқтар Төлешовпен бірге істескенін есіне алды.
Біз Тоқтармен істестік (Төлешов – қазір қамаудағы кәсіпкер). Мәскеуден келдік. Тоқтар ағада бір қиындықтар болды. Осыдан кейін біз тоқтап қалдық. Өнер тоқтап қалды, қаржыландыру да. Ары қарай жүреміз десек, болмай қалды, – дейді Дастан Оразбеков.
Әншілердің альбомы дайын болса да, Тоқтар Төлешов тарапынан “тоқтаңдар” деген пәрмен келген.
Ерка (Ерболат Беделхан) бірақ бір орында отыра алмайтын жігіт. Тығырықтан шығудың жолдарын іздей бастады. Сол тұста ол Зарина Алтынбаеваның анасы Рая әпкемен танысты. “Мадудың” (Мадина Алтынбаева) жобасы басталған кез. Рая тәте Мадумен бірге Лос-Анджелесте клип түсіруді ұсынды. Біздің ой – Тоқтар ағадан ақша алмай, дұрыс істедік деп, Лос-Анджелеске барып, клип түсірдік. Біз бәрін дұрыс істедік деп ойладық. Шын мәнінде, олай емес екен. Бұл оған қатты тиді (Тоқтар Төлешовке). Біз оны аттап өтіп, бәрін жасағандай болып қалдық. Бірден бәрі өзгерді, біз бірден жұмыстан қуып жіберді, – дейді әнші.
Тоқтар Төлешовтың адамдары келіп, “Орда” тобының әншілерін серіктестіктен ысырып, “осынша қарызсыңдар” деп шот әкелген. Ақшаны әншілер әрең қайтарған. “Қазір қарасақ, бұл да дұрыс болған екен” дейді Дастан Оразбеков.
Десе де, әншілер Тоқтар Төлешовті мақтап та сөйледі. Оның кино, ән өнерін дамытып, халықаралық деңгейге шығарғысы келгенін айтады.
ТОҚТАР ТӨЛЕШОВ ЖАЙЛЫ
Шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов бірнеше жылдан бері түрмеде отыр. Оның қай жерде туып-өскені, туған-туыстары туралы мәліметтер ашық дереккөздерде сирек. Белгілісі, 13 баланың әкесі. Күзет агенттігі мен «Шымкент пикчерз» кинокомпаниясының қожайыны. Ол 2006 жылдары режиссер Ермек Тұрсыновпен бірге «Сұлтан Бейбарыс» блокбастерін түсірген. 2007 жылы Лондонда тіркелген «Jay Resourses» компаниясының Өзбекстандағы еншілес «Узпромстройбанкінің» акцияларын 17 млн долларға сатып алған. Алайда 4 млн долларға жуық берешек болып қалған. Компания қожайыны оны алдап кетті деп Лондон сотына берген. Бірақ көк тиын өндіре алмаған. Кей ақпарт құралдары кәсіпкер отандық ірі банкке 300 млн доллар қарыз екенін де жазды.
Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық əскери соты 2016 жылдың 7 қарашасында Қазақстанның конституциялық құрылымына күштеп өзгеріс енгізбекші болғаны үшін айыпталған Тоқтар Төлешовті мүлкін тәркілей отырып, 21 жылға соттаған. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеп жатыр.