Қазақстанның ұлттық банкі ақша айырбастау тәртібін өзгергені жөнінде ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢАЛЫҚ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Қазақстан ұлттық банкі кезекті отырысы өткізіліп, ақша және валюта нарығындағы жағдай туралы баяндама қабылданып, 2024 жылдың төртінші тоқсанында ұлттық қорды сенімгерлік басқару нәтижелері туралы есеп бекітілгенін хабарлайды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 58,8 млрд АҚШ долларын құраған. Жылдық инвестициялық табыс 4,6 млрд АҚШ доллары немесе 7,6% болды. Қор құрылғалы жинақталған кірістілік – 128% немесе жылдық мәнде 3,55%.
ТЫҢ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ
Ұлттық Банк Басқармасы валюталық реттеу мәселелері бойынша бірқатар нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар да енгізді. Банктердің валюталық операциялар бойынша есеп беру мерзімі қысқартылып, валюталық заңнама талаптарынан жалтару үшін жасалуы мүмкін және қаржы мониторингіне жататын операциялар тізімі кеңейтілді. Сонымен қатар, басқарма шешімімен ақша айырбастау пунктері арқылы жүргізілетін операциялар үшін қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату бағамдарының айырмашылығы шектелді: АҚШ долларына – 7 теңге, еуроға – 10 теңге.
ЖАҢА БАНКНОТ
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 28 наурыздан бастап 2024 жылғы үлгідегі өзгертілген дизайны бар 1 000 теңгелік банкнотаны айналымға шығару туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ 2025 жылы екі жаңа коллекциялық монета – «GRIFFIN» («Көшпенділер аңызы мен мифтері» сериясынан) және «OTYRAR» («Қазақстанды монеталар арқылы зертте» сериясынан) монеталарын шығару әрі айналымға енгізу мәселесі бекітілді.
Сонымен қатар, жиында төлем жүйелері және Ұлттық Банктің өзге де қызметіне қатысты мәселелер бойынша ҰБ басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданды.