Ulysmedia редакциясы осы аптаның басты оқиғаларына шолу жасай отырып 17-22 ақпан аралығында Қазақстанда және әлемде не болғанын еске салады.
ЖАҢА ӘКІМДЕР
Аптаның алғашқы күні Қазақстанда жаңа әкімдер тағайындалды. Дүйсенбі, 17 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына Нұрымбет Сақтағановты тағайындады.
Сондай-ақ Абай облысының әкімі болып президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы, журналист Берік Уәли тағайындалғаны туралы ақпарат расталды.
“ҚАЗАҚМЫСТАҒЫ” ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
Дүйсенбі, 17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішінде тау жынысы опырып, жеті жұмысшы үйінді астында қалды. Кабельдердің үзілуінен олармен байланыс орнату мүмкін болмады.
18 ақпанда таңертең жеті жұмысшының қаза тапқаны анықталды. Полиция ҚК-тің 277-бабы бойынша (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) іс қозғады. Сонымен қатар премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарған үкіметтік комиссия да тергеу бастады.
Бейсенбі, 20 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке нысандарды өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізуді тапсырды.
МҰНАЙ ҚҰБЫРЫНА ШАБУЫЛ
Дүйсенбі, 17 ақпанда бірнеше украиндық дрон Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысанына соққы берді. Дрондардың шабуылына Кубаньдағы «Кропоткинская» МАС та ұшырады, бұл – Ресейдегі ең ірі МАС.
Сейсенбі, 18 ақпанда УҚК мұнай айдау станциясына жасалған шабуылды растады және мұндай операциялар жалғасатынын айтты. Қазақстан СІМ украин дипломаттарымен сөйлесуге уәде берді. Сарапшылардың болжамы бойынша, біздің ел шамамен 2 млрд доллар жоғалтуы мүмкін. Өйткені соққының салдарын жоюға екі ай уақыт кетеді, бұл Қазақстаннан мұнай айдау көлемінің 30% төмендеуіне әкелуі мүмкін.
САЛЫҚТАР
Сейсенбі, 18 ақпанда Қазнетте мемлекетке миллиондаған және миллиардтаған теңге салық қарызы бар делінген медиа тұлғалардың тізімі тарады. Олардың ішінде белгілі блогерлер, қоғам қайраткерлері және әртістер бар. Сол күні МКК 600-ге жуық блогердің салық декларациясы тексерілгені туралы хабарлады, нәтижесінде 53,3 млрд теңге көлемінде сәйкессіздіктер анықталған.
Кейін салық қызметкерлері «техникалық ақау» деген себеппен 93 блогерге жіберілген хабарламаларды қайтарып алды.
Айта кетейік, 20 ақпан, бейсенбіде Мәжіліске Салық кодексінің даулы заң жобасы келіп түсті. Онда ҚҚС мөлшерлемесін 16% - ға дейін ұлғайту, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету, бірқатар жеңілдіктерді жою және басқа да жаңашылдықтар ұсынылады.
ТҮРМЕДЕГІ “БАНКЕТТІҢ” САЛДАРЫ
16 жастағы Шерзат Полатты өлтірді деген күдіктілердің уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлап, мәз-мейрам болып отырғанын көрсететін бейнежазба тарады. Онда күдіктілер музыка тыңдап, би билеп, торт жеп, той тойлап жүр. Мұның бәрін олар өздері бейнекамераға түсірген.
Сейсенбі, 18 ақпанда ІІМ аталған оқиғаға байланысты тексеру жүргізілгенін хабарлады. УҰИ-дің 16 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде басшылар да бар. Қамауға алынғандарды өзінің смортфонына түсірген қызметкер жұмыстан шығарылды.
НАРАЗЫЛЫҚ
Бейсенбі, 20 ақпанда Астана қаласының ауданаралық сотында ШҚО заңгері Серікжан Ахметжановтың аппеляциялық шағымы бойынша іс қаралды. Ол бұған дейін уақытты өзгертуге қатысты Қазақстан үкіметінің үстінен сотқа шағым түсіріп, жеңіліп қалған. Сот шешімімен келіспеген Ахметжанов аппеляциялық сотқа арызданған.
Сол күні Катонқарағай ауданындағы 40 мемлекеттік, оның ішінде әлеуметтік мекемелер де бар бірыңғай уақыт белдеуіне байланысты жаңа жұмыс кестесіне көшкені белгілі болдыү Енді олардың барлығы жұмысқа бір сағат бұрын келіп, бір сағат ерте қайтады.
21 ақпан, жұма күні ШҚО тұрғындары жергілікті шенеуніктермен және депутаттармен кездесіп, UTC + 5 уақыт белдеуінің қолайсыздығын айтып тағы да шағымданды.
ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТТЫҢ ІСІ
Сәрсенбі, 19 ақпанда Қаржы мониторингі агенттігі (АФМ) 1,7 млрд теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікке ілінген biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайратқа қарсы істе жаңа эпизодты тіркеді.
21 ақпан, жұма күні АФМ баспасөз қызметі бұл эпизодтың егжей-тегжейін баяндады. Қайрат Ақмола облысында мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салу үшін қайырымдылық аукционын ұйымдастырды деген болжам бар. Тергеу мәліметтері бойынша, biz birgemiz басшысы осылайша 22 млн теңге жинап, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған болуы мүмкін.
Агенттік сотқа дейінгі тергеу наурыз айында аяқталады деп мәлімдеді, Перизат Қайраттың анасы да күдікті деп танылды.
САТИРИКТІҢ СОТЫ
21 ақпан, жұма күні Алматыда сатиралық Instagram-Qaznews24 паблигінің әкімшісі Темірлан Еркебектің ісі бойынша басты сот талқылауы болуға тиіс еді. Темірланға ҚК-тің 174-бабы бойынша (әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру) айып тағылған.
Заңгер Жанара Балғабаева журналистерге іске төрағалық етуші судьяның «отбасылық жағдайларына» байланысты процесс тағы да кейінге шегерілгенін айтты.
УКРАИНА КЕЛІССӨЗДЕРІ ЖӘНЕ ТРАМПТЫҢ ӘРЕКЕТІ
Сейсенбі, 18 ақпанда Эр-Риядта АҚШ пен Ресей шенеуніктерінің украин мәселесі бойынша бес сағаттық келіссөздері өтті. Бұл халықаралық күн тәртібіндегі аптаның басты оқиғасы десе де болады.
Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков келіссөздер «жақсы өтті» деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио кездесуді «ұзақ, бірақ маңызды жолдағы алғашқы қадам» деп атады. Тараптар дипломатиялық миссиялардың толыққанды жұмысын қалпына келтіруге және елшілерді тағайындауға келісті.
Сәрсенбі, 19 ақпанда әлем жұртшылығын АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскийге қатысты айтқан сөздері таңғалдырды. Ақ үй басшысы оны «сайланбаған диктатор» деп атады, «нашар жұмыс» істеді, «оның рейтингі өте төмен» және «жеңілетінін біле тұра соғысқа кірісті» деп айыптады.
21 ақпан, жұма күні кешке Дональд Трамп Fox News-ке сұхбат берді. Онда Трамптың Украина билігіне қатысты риторикасы одан да агрессивті болды. Америка президенті Зеленскийді Украинадағы келіссөздерде көргісі келмейтінін айтты, өйткені оның қатысуы «соншалықты маңызды емес» деді. Сонымен қатар Трамп соғысқа жауапты адамдар ретінде Зеленский мен Джо Байденді атады.