Жемқорлардан тәркіленген қаржыға 28 жаңа мектеп салынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 22 мың оқушы орнына арналған тағы 28 жаңа мектеп салынады.
Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қор жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Оның негізгі мақсаты білім беру ұйымдары үшін жаңа ғимараттар салу, кеңейту арқылы апатты мектептер мен орын тапшылығын жою.
- Мемлекет балалар үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келелі. Бүгінгі таңда 74,4 мың орындық 61 мектеп пайдалануға берілді, оның 29-ы ауылдық елді мекендерде орналасқан, деп атап өтті инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы Жайық Махсутов.
2024 жылы 25 мектеп салынды, олардың басым бөлігі Астана қаласында, және Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарында орналасқан. Барлық білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін қайтарылған активтер есебінен Жетісу облысында 1,4 млрд теңгеге мектеп салынатыны хабарланған болатын. Үкімет арнайы мемлекеттік қордан Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Көксай ауылында жаңа мектеп салу үшін ақша бөлді.
Сонымен қатар, үкімет Ұлытау өңірінде жаңа мектеп салу үшін қайтарылған активтерден 1,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.