Қазақстандықтардың зейнетақыға жинаған ақшасы азайып қалды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры оның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕСЕП
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерінің инвестициялық басқару бойынша есепті жариялады. Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша ұлттық банктің сенімді басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 22 282,04 млрд теңге болған.
Сонымен қатар, есепте "теріс инвестициялық кіріс" туралы ақпарат берілген. 2025 жылдың қаңтар айында салымшылар 284,86 млрд теңге жоғалтқан.
— Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы мен қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты 2025 жылдың қаңтар айында есептелген инвестициялық кіріс (-) 284,86 млрд теңге болды, делінген құжатта.
СЕБЕП
Қазақстандықтардың зейнетақыға жинаған ақшасы азайып қалуының негізгі себептері ретінде теңгенің нығаюы, сондай-ақ қаржы министрлігінің мемлекеттік құнды қағаздарының табысының орташа есеппен 40 б.п. (базистік пункт) өсуіне байланысты олардың нарықтық құнының төмендеуінен болуы мүмкін.
— Қосымша шетел нарықтарында сатып алынған активтердің нарықтық құнының төмендеуі байқалды. Өткен жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың эталондық 10 жылдық қазынашылық облигацияларының табыстылығы 40 б.п. өсті, дамушы елдердің облигацияларының спрэдтері 3 б.п. қысқарды, ал корпоративтік облигациялар бойынша спрэдтер 2 б.п. кеңейді. MSCI World индексі 2,68%-ға төмендеп, инвестициялық портфельдің табысына қосымша жүк түсті, деп түсіндірді БЖЗҚ өкілдері.
Айта кету керек, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша соңғы 12 айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің салымшылар шоттарына бөлінген табыстылығы 15,66% болды, ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 8,90% болды.
2025 жылдың қаңтар айындағы табыстылық (-)1,25% деңгейінде тіркелді.