«Бегемот өліп барады...»: алматылық зообақтағы жануарлардың жағдайынан шошыды

Ілияс Бақыт

Алматы қаласының тұрғыны 11 ақпанда зообаққа барып, жануарлардың жағдайын көріп шошып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан скриншот

БҰҒЫ ШПРИЦПЕН, АЛ ЖИРАФ ТАР ҚОРАДА

Куәгердің түсірген видеосында вольерде шприц қадалған күйі жүгіріп жүрген бұғыны байқауға болады.

«Жираф та өте тар бөлмеде тұр», – дейді ол.

«БЕГЕМОТ ӨЛІП БАРАДЫ»

Ер адамның ерекше назарын суық бетонда өз нәжісінде жатқан бегемот аударды. Оның айтуынша, жануар әлсіреп, су тамшыларын әзер жұтып жатыр.

«Бұл сұмдық. Сирек кездесетін жануарға қалайша осылай қарауға болады?  Ол ең нашар қоғамдық әжетханада жатқандай. Шын мәнінде өліп бара жатыр…» – деді зообаққа келген тұрғын.

ЗООБАҚ ӘКІМШІЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ

Алматы зообағы әкімшілігі бегемоттың видеосы күнделікті су ауыстыру кезінде түсірілгенін түсіндірді. Олардың айтуынша, бассейн астындағы жылу жүйелері су түбін жылытып тұрады, ал бегемоттар бұл кезде сол жерде демалып жатады. Бұғыға қатысты мамандар арнайы инъекциялардың ұшатын шприцтер көмегімен жасалатынын, олар қауіпсіз екенін және бірнеше сағат ішінде өздігінен түсіп қалатынын айтты.

Сондай-ақ, зообақ өкілдері кеңестік кезеңде салынған пілдер мен бегемоттар вольерінің қазіргі стандарттарға сай келмейтінін мойындап, африкалық жануарларға арналған жаңа кешеннің құрылысы жоспарланғанын хабарлады.