Қызылорда әкімдігі кесілген ағаш үшін ақталды

Ілияс Бақыт

Әлеуметтік желіде тараған видеоға Қызылорда әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

АҒАШ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Бұған дейін әлеуметтік желіде Қызылордада көпжылдық ағаштың кесілгені туралы ақпарат тараған. Анығында ағаш Ержан Баймырза есімді басқа қызылордалық азаматтың арызымен кесілген болып шықты.

“Мен бұл жерді осыдан бір жыл бұрын сатып алған болатынмын. Бұл талды даулап жатыр да оның анық-қанығын өзіме әлі ешкім келген жоқ. Мен заявка бергенмін. Заявка бергенімнің басты себебі мектепке баратын жолда орналасқан. Бұтағы баланың басына құлады. Ана жылы көлік тұрғанда әйнегін сындырды. Мен де заңды білемін ғой. Заңдылығында 2,5 метрден аспауы керек”,- дейді қала тұрғыны Ержан Баймырза.

Қызылорда әкімдігі де ситуацияға байланысты түсірдірме жазба жариялады. 

“23 ақпан күні 109 байланыс орталығы арқылы қала тұрғыны Е.Баймырзадан Ғ.Мұратбаев көшесі №8а мекенжайындағы жаяу жүргіншілер жолына кедергі тудырып, қауіпті құлағалы тұрған талды кесу жөнінде өтінім тіркелді. Осы өтінім негізінде «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 24 ақпан күні аталған талды қысқарту жұмыстарын жүргізді.Айта кету керек, терек талын қысқарту – оның өсуін ынталандыру, өміршеңдігін арттыру және эстетикалық көрінісін жақсарту үшін жүргізілетін күтім шараларының жиынтығына жатады. Тал түбімен жойылмаған, балақталып, қысқартылды”,- деп жазды Қызылорда әкімдігі. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Қызылордада ағаштың тамырымен кесілгенін жазған едік. Бұл туралы желі қолданушысы Нұрлан Жақыпбеков хабарлады. 

- “Таза Қазақстан” экологиялық шарасын өткізгеннен не пайда? Біреудің бизнесі үшін алып теректі түп тамырымен кесіп тастап жатса…, дейді ол. 

Бұл видеоға қатысты “Жасыл Қызылорда” өкілдері жауап берген. 

- 2025 жылдың 24 ақпанында Ғ. Мұратбаев көшесінің бойында орналасқан талды жасарту мақсатында бұтақтарын қысқарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, делінген жауапта. 

ОБЛЫС 

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қызылорда облысын 2022 жылдың 7 сәуірінен бері Нұрлыбек Нәлібаев басқарып отыр. 

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН

2023 жылы Тоқаевтың бастамасымен еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы басталған болатын.