Қазақстанда фонограммаға тыйым салу мәселесі қашан талқыланатыны белгілі болды

Сымбат Сатыбалдина

Мәдениет вице-министрі Айбек Сыдықов елде фонограммаға тыйым салуға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

pixabay.com

ДЕПУТАТТЫҢ СҰРАҒЫ

Мақсат Толықбай депутаттар бұған дейін де фонограммаға тыйым салуды ұсынғанын айтты. 

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, онсыз да фонограмманы пайдаланған кезде концерт ұйымдастырушылар ол туралы көрерменге хабарлауға мәндетті. Бірақ ол ереже бізде мүлдем жұмыс істемейді. Сондықтан заң жобасында фонограмманы тыйым салуға бағытталған түзетулер енгізуді ұсындық. Бірақ мәдениет министрлігі оны қолдап отырған жоқ. Айтатын сылтау көп. Әсіресе өңірлерде техникалық құралдардың 70 пайызы тозған дейді. Жарайды деп, норманы тағы жеңілдетіп, “концерт залы техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілсе, фонограмманы пайдалануға тыйым салынады” дедік. Бірақ бұл норма да өткен жоқ. Бірақ көрермен ақшасын төлеп, концертке барып отырғаннан кейін неге фонограммамен тыңдауы керек? Бұл талап орынды деп санаймыз. Екінші сылтау – дыбыс режиссерлері жетіспейді. Енді сұраныс болмаса әрине жетпейді, дейді Толықбай. 

МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ

Вице-министр Айбек Сыдықов бұл мәселеге қатысты бірнеше жұмыс тобы өткенін, қызу талқылау жүргенін айтты. 

- Біз тек мемлекеттік орган ретінде емес, мүдделі мамандарды да тартып, олардың ойын ескердік. Негізі Ринат Зайытовтың төрағалығымен өткен отырыста біз бір мәселеге тоқталдық. Барлық мүдделі ададмардың басын біріктіріп, ашық талқылауды қажет етеді деп келістік. 11 наурызда шоу бизнес, мәдениет өкілдерімен осы мәселені талқылаймыз. Мәжілістің екінші оқылымына дейін бір шешімге дейін келеміз деп ойлаймын, дейді Айбек Сыдықов. 

Сонымен қатар, вице-министр фонограмма туралы алдын ала ескертуге қатысты ойын айтты.

- Фонограмманы алдын ала ескерту туралы заң бар. Бірақ бұл жұмыс істемей отыр. Оны бәріміз тәжірибеде көріп отырмыз. Бұл норманы депутаттар заңнамалық акт ретінде ұсынды. Біз оны қолдаймыз. Егер ол заңға енгізілетін болса, ол жұмыс істейді деген сенімдеміз, дейді Сыдықов.