Энергетика министрлігі Қазақстанда екінші АЭС салынатын орын әлі белгіленбегенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы вице-министр Сұнғат Есімханов сенатта өткен брифингте айтты.
- Әзірге екінші АЭС салынатын орынға қатысты нақты шешім жоқ. Ол Маңғыстау облысы бола ма, әлде басқа аймақ па – әзірге айта алмаймыз. Елімізде бұл жүйені дамытуға болатын және қажет болатын бірнеше орын бар екенін тарихи тұрғыдан ғана түсінеміз. Маңғыстау облысында атом электр станциясы болды, ал Курчатовта ядролық орталықтың әлеуеті зор еді. Сондықтан қазір талқыланып жатыр, бірақ әлі нақты шешім жоқ. Барлық аспектілер – экономикалық та, энергетикалық та, тұрғындардың тілегі де ескерілетін болады, дейді Есімханов.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Жамбыл ауданы – «Атом электр станциясы» ядролық қондырғысы салынатын аудан деп белгіленгені туралы шешім қабылданған болатын. Сонымен қатар, энергетика министрлігі АЭС салуы мүмкін шетелдік компаниялар тізімін көрсеткен болатын.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЭС
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Жобалық кеңсенің қызметімен танысу барысында атом энергетикасын дамыту перспективасына да тоқталып, Қазақстандағы АЭС саны үшеу болуы да мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Ал «Атом улаған дала» кітабының авторы, саясаттану ғылымдарының докторы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі маман, Олбани университетінің (SUNY-Albany) Саяси зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Тоғжан Қасенова Қазақстанның АЭС салуда «Росатомды» серіктес ретінде таңдаса – қазіргі уақыт ең қолайсыз кезең деп есептейді. Бұл пікірді ол Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұқбатында айтты.