Бюджетке түспеген миллиардтар: тағы 300-ден аса блогерге ескерту жіберілді

Сымбат Сатыбалдина

Қазақстанда жалпы 12 блогер 1,4 млрд теңге көлемінде қосымша табыстарын декларациялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

БАҚЫЛАУ

Мемлекеттік кірістер комитеті кірістерді төмендету бойынша камералдық бақылау туралы хабарламаларды орындау шараларын жалғастыруда.

Осы шаралар барысында 12 блогер өз еркімен 1,4 млрд теңге көлемінде қосымша табыстарын декларациялап, 73,6 млн теңге салық төледі.  

Бүгінгі таңда барлығы 854 блогерге «кірісті төмендету» бойынша заң бұзушылықтар үшін 71,9 млрд теңге сомасында камералдық бақылау туралы хабарламалар жіберілді. Орындау мерзімі – 30 жұмыс күні.

САЛЫҚ СОМАСЫ 

Сонымен қатар, 71,9 млрд теңге көлеміндегі айырмашылықтар төленбеген салықтардың сомасы емес екенін атап өткен жөн. Көрсетілген айырмашылық сомалары блогерлердің салық декларацияларында көрсетілмеген болжамды табыстарын білдіреді.   

Салықтардың есептелуі мен төленуі салық заңнамасында белгіленген тиісті ставкалар бойынша ұсынылған декларацияларға сәйкес жүзеге асырылады.  

КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕГЕН НЕ

Камералдық бақылаудың мәні – салық төлеушіге табыстарын өз еркімен декларациялап, есептелген салықтарды төлеуге немесе анықталған бұзушылықтармен келіспеген жағдайда түсіндірме беруге мүмкіндік беру.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, күні кеше сегіз қазақстандық блогер 1,2 млрд теңге табысын өз еркімен декларациялағаны белгілі болды. 

ЗАҢ БӘРІНЕ ОРТАҚ

Камералдық бақылау өз бетінше салық салынатын кіріс алатын барлық тұлғаға бірдей дәрежеде жүргізіледі. 2025 жылы камералдық бақылау нәтижесінде 80 000 жеке тұлғаға, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге хабарлама жолданған. 

БЛОГЕРЛЕР

Хабарлама алған жеке тұлғалардың қатарында блогерлер де бар. Олар хабарламаны алғаннан кейін әлеуметтік желілерде белсенділік танытты. Осыған байланысты әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, 80 000 жеке тұлғаның ішіндегі 594-і блогер екені анықталған. 

Қазіргі уақытта 8 блогер өз кірістерін 1 165,1 млн теңге (1,2 миллиард) сомасында өз бетінше декларациялады және 70,6 млн теңге көлемінде салық төледі.