Сириядағы қарулы топтардың құрамында ондаған қазақстандық жүр

Аян Өрібай

Сирияда түрлі қарулы топтардың құрамында 30-дан астам қазақстандық жүр, ал тағы 10 азаматымыз күрд күштерінің бақылауындағы тұтқындар лагерінде отыр. Бұл туралы Ресейдегі Қазақстанның елшісі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Жасанды интеллект/Ulysmedia

ДӘЙЕКСӨЗ

Сирияда жекелеген топтардың құрамында 30-дан астам қазақстандық бар. Олардың көпшілігі Отанына оралуға ниетті емес. Кейбірі Сирия азаматтығын алып, сол жерде тұрақты тұруды жоспарлаған. Сонымен қатар, Сириядағы күрдтердің бақылауындағы Аль-Холь және Родж лагерлерінде оннан астам отандастарымыз бар, олар да өз Отанына оралғысы келмейді, - деді Дәурен Абаев “РИА Новости” журналисінің қойған сұрағына жауап бере отырып.

СИРИЯ

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылңы 8 желтоқсанға қараған түні үкіметке қарсы содырлар Дамаскіге кіріп, Башар Асадты тақтан тайдырғанын мәлім еткен. Сирия президентінің уақытша міндетін атқару қызметі көтерілісшілерді басқарған Ахмед аш-Шарааға жүктелген.

Елінен қашқан Сирияның экс-президенті Башар Асад Ресейге барып паналады.

Сирияда азаматтық соғыс 2011 жылы басталды. Жаппай наразылық Башар Асад үкіметі мен түрлі оппозициялық топтар арасындағы қарулы қақтығысқа ұласқан.

Қақтығыс инфрақұрылымның қирауына және гуманитарлық дағдарысқа әкеліп соқтырды, соның салдарынан миллиондаған адам босып кетті. Соғысқа Ресей, АҚШ, Түркия және Иран мемлекеттері де араласты.