Жер дауымен пикетке шыққан тұрғын 10 күн қамауда отырып шыққан

Сымбат Сатыбалдина

Жетісу облысында жер дауымен пикетке шыққан тұрғын 10 күнге қамалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Азаттық мәліметінше, Жетісу облысы Қызылағаш ауылының тұрғыны Аршын Орыcбай екі жылдан бері жер дауымен әділдік іздеп жүр. Осы кезге дейін аудан әкімдігінен бастап, Астанаға дейін шағым айтып барған. Бірақ еш нәтиже болмаған.

ПИКЕТ

Сол талаппен 12 ақпанда Алматыда пикетке шығып, сот шешімімен 10 күнге қамалған.

ТАЛАБЫ

Аршын Орыcбайдың талабы ауылда заңсыз беріліп кеткен 100 гектар жерді ауылдың қорына қайтару. 

- Сонымен қатар, 20 гектар жердегі өнімге кеткен еңбекақыны талап етемін, дейді Аршын Орыcбай. 

ҚАМАУДАН ШЫҚТЫ

Қазіргі таңда қамаудан босап шыққан Аршын Орынбай пикетке шығудағы мақсаты – үкіметке қарсы шығу болмағанын айтады.

- Мен еңбекақым мен ауылдың сырттан келген адамдарының ауылдың жерін алып бөліп алғанына қарсы шықтым. Екі жылдан бері Астана, Талдықорған, бәріне барып шықтым. Ешқандай нәтиже болмағаннан кейін амалсыздан пикетке шықтым, дейді Аршын. 

Оның айтуынша, Қызылағаш ауылында жергілікті билік 300 гектар жерді кәсіпкерге 49 жылға жалға беріп қойған. Оның бір бөлігін жалға алып, егін егіп, ақыры соңында шыққан өнімнен қағылдым дейді. Ауылдың басым көпшілігінде не егін егетін, не не мал бағатын жер жоқ. Аршын осы екі мәселені көтеріп, екі жылда ешқандай нәтиже шығара алмай, амалсыздан пикетке шыққан.