Тоқаев ШҚО-ның жаңа әкіміне экология мәселесін шешуді тапсырды

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Президент Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАЯНДАМА

Облыс әкімінің баяндамасынан:

  • жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 46 жаңа өндіріс орны іске қосылған;
  • «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 18 нысан салынып, 6 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілген;
  • «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 5 білім ошағы пайдалануға берілген. Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 7 мектеп бой көтереді;
  • еңбеккерлерді қолдау мақсатында «Отбасы банкімен» бірлесіп, өңірлік «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске қосылған;
  • өңір тұрғындарын толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндет жыл соңына дейін орындалады. Бұл бағытта құны 14 миллиард теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылады;
  • алдағы екі жылда өңірге кемінде 1,5 триллион теңге инвестиция тарту, 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй және 28 әлеуметтік нысан салу, сондай-ақ ұзындығы 600 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр.

ТАПСЫРМА

Президент облыс экономикасын әртараптандыру, қайта өңделген өнім экспортын кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беру керек екеніне тоқталды.