Мектепті террористер басып алды деген оқушының ата-анасы 20 млн айыппұл төлеуі мүмкін

Сымбат Сатыбалдина

Қостанайда мектепті террористер басып алды деп хабар берген оқушының ата-анасына қомақты айыппұшл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ПД

ТЕРРОРИСТЕР ТУРАЛЫ ХАБАР

Мектепте террористер бар деген хабар жеткен соң полиция, құтқарушылар мен ҰҚК өкілдері келген. Мамандар мектептің жан-жағын тексеріп шыққанымен ешқандай қауіп анықталмаған. Қауіпті құралдар мен адамдар да табылмаған. 

Полиция хабарласқан адамды бірден анықтаған. Ол сол мектепте бесінші сыныпта оқитын бала болып шыққан. 

ТЕРГЕУ

Полицейлер жалған хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Баланың ата-анасы жауапқа тартылып, процессуалдық шешімді сот қабылдайды.

- Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау үшін жаза 5000 АЕК (бүгінде – 19,6 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не шектеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру болып саналады. Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да есте ұстауы керек. Сонымен қатар, мұндай хабарламадан келтірілген шығындар мен барлық залал сот шешімі негізінде өтелуге жатады. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаса, келтірілген залалды олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері өтейді, деп түсіндірді Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.