Қазақстандықтардың қарызы жалақысына қарағанда тез өсіп жатыр

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сулейменов Қазақстандағы тұтынушылық несие өте жылдам өсіп жатқанын мәлімдеді, деп жазады Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ұлттық банк басшысы халық көп алатын несиенің өсуін Қазақстандағы басты проблема және қаржылық тұрақтылыққа қатысты маңызды қауіп деп атады. 2024 жылы тұтынушылық несиелер 33,5%-ға өскен, бұл шамамен 13,8 трлн теңге. 

— Тепе-теңдіктің болмауы таза инфляциялық фактор шеңберінен шығып, қаржылық тұрақтылық проблемасына айналады. Біз тұтынушылық несиелендірудің өте жылдам қарқынмен өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Халықтың несие қарызы жалақысы мен ай сайынғы кірісінен асып түскен. Мұндай жағдайда тек ақша-несие саясатының құралдарын қолдану жеткіліксіз, деді Сүлейменов.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін халық несиеге батып кеткенін, енді банктер енді кредитті оңды-солды беруді тоқтататынын жазған едік. Қазақстанның қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесі кезекті отырысын қорытындылап, капиталдың секторлық контрциклді буферін (ККБ) енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл шара халықты кредиттеуге байланысты енгізіледі. 

Енді халықты кредиттеу сегментінде тәуекел өлшенген активтердің 2%-ы мөлшерінде белгіленеді. Банктер аталған талапты 2026 жылы 1 сәуірден бастап орындай бастайды. Осылайша, банктерге капиталды жинақтау және жаңа секторлық ККБ талаптарын орындау үшін 12 айлық өтпелі кезең беріледі. Бұл талап банктер үшін қолданыстағы жеткіліктілік нормативіне қосымша ретінде енгізіледі.