АҚШ-тың Ресейдегі Сауда палатасы (AmCham Russia) авиация секторындағы санкцияларды алып тастауды құптайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АВИАЦИЯ САЛАСЫНДАҒЫ САНКЦИЯЛАРДЫ АЛЫП ТАСТАУ
Бұл ұсынысқа қосалқы бөлшектерді жеткізу мен әуе кемелеріне техникалық қолдау көрсетуге қатысты шектеулерді жою кіреді. AmCham Russia басшысы Роберт Эйджидің айтуынша, бұл тек бизнеске ғана емес, қарапайым азаматтарға да қажетті гуманитарлық шара.. Осы мәселе бойынша AmCham Russia Франко-ресейлік сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
ИНВЕСТИЦИЯҒА ҚОЙЫЛҒАН ТЫЙЫМДЫ АЛЫП ТАСТАУ
Екінші кезекте, АҚШ компанияларының Ресейге инвестиция салуына қойылған тыйымды жою ұсынады. Бұл шектеу 2022 жылы Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен кейін енгізілген. Эйджидің айтуынша, көптеген компаниялар Ресейдегі өндірістерін кеңейтуге дайын, бірақ қазіргі тыйымдар оларға айтарлықтай кедергі келтіреді.
РЕСЕЙ БАНКТЕРІН SWIFT-КЕ ҚАЙТАРУ
AmCham Russia басшысы банк секторына салынған санкцияларды алып тастау қажеттігін айтты. Бұл трансшекаралық төлемдер мәселесін шешіп, бизнесті жүргізу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Эйджидің пікірінше, қолданыстағы шектеулердің салдарынан бизнес шығындары бірнеше есеге өскен. Ресей банктерінің SWIFT жүйесіне қайта қосылуы мүмкіндігі туралы сұраққа Эйджи:
"Иә, бұл экономикалық тұрғыда пайдалы болар еді, бірақ бұл бірден іске аспайды", – деп жауап берді.
ЛЮКС ТАУАРЛАРЫН ЖЕТКІЗУГЕ ҚОЙЫЛҒАН ШЕКТЕУЛЕРДІ ЖОЮ
Сонымен қатар, косметика сияқты люкс тауарларын жеткізуге қойылған шектеулерді жою ұсынылды. Эйджидің айтуынша, бұл санкция бастапқыда америкалық косметиканы Ресейге импорттауға тыйым салды және көптеген компаниялар үшін нарықтағы үлесінен айрылуға себеп болды.
РЕСЕЙДІҢ ӨНЕРКӘСІПШІЛЕР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ
7 наурызда Ресейдің Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы (РСПП) АҚШ тарапымен санкцияларды жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Алайда, РСПП басшысы Александр Шохин бұл мәселенің "іске асыруы қиын" екенін атап өтті. Ол сондай-ақ наурыз айында AmCham Russia дайындап жатқан баяндама АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуіне дейін ұсынылғаны жөн болар еді деп мәлімдеді.
ТРАМПТЫҢ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ ЖАҢА САНКЦИЯЛАР ЖАЙЛЫ МӘЛІМДЕМЕСІ
Осы уақытта АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар мен тарифтер енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. 7 наурызда Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланған жазбасында Трамп: "Ресей Украинада соғыс алаңында басымдық танытып жатқанын ескере отырып, мен Ресейге қарсы ауқымды банк санкцияларын, сондай-ақ басқа да санкциялар мен тарифтерді енгізу мүмкіндігін байыппен қарастырып отырмын", – деді. Бұл шаралар атысты тоқтатып, бейбіт келісімге қол жеткізілмейінше күшінде болмақ.