Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев Университетіндегі провокацияларды Шигео Катсу ұйымдастырып отыр деп тұспалдайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Үкіметте Саясат Нұрбекке журналистердің бірі Назарбаев Университеті бұрынғы басшысы Шигео Катсуға қарсы арыз дайындап жатқанын айта келе ғылым және жоғары білім министрлігі де оны сотқа бере ме деп сұрады.
Біріншіден, Шигео Катсудың сол кездегі мәлімдемесі шындыққа сай келмейді. Екіншіден, әлбетте, өкінішке қарай репутациялық атқа бұл сын. Үшіншіден, сенімсіз басылым-агрегаттардан осындай ақпараттар тарап жатыр. Себебі салмақты басылымдардың бәрі де фактчекиңмен ақпарат береді. Сол себепті НУ-дың сотқа беруі бұл сол НУ-дың шаруасы, өйткені олар автономды оқу орыны. Олардың жұмысы жеке заңмен реттеледі. Ал біздің министрлік Катсу мырзаны сотқа бергелі жатқан жоқ. Қажетті көмекті университетке бере аламыз. Себебі бұл жерде зиян Назарбаев Университетіне тиіп жатыр, – деді ол.
Журналист қазір аталған университетке қатысты түрлі провакациялардың неге көбейіп кеткенін сұраған. Саясат Нұрбек расында да, Назарбаев Университетіне ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын айтты.
Біздің болжам бойынша оны Катсу мырзаның тобы ұйымдастырып отыр. Себебі өзі кеткеннен кейін артында өзі сенетін көп адам сонда қалды. Соғыста барлық әдіс жақсы дейді ғой. Ішкі провакациялар жүріп жатыр. Байқасаңыздар, мұндай жайттар Катсу мырзаның белсенділігінен кейін пайда бола бастады. Біз мұны еңсереміз деп ойлаймын. Үкімет те, министрлік те Назарбаев Университетінің бұл шаруасына араласа алмайды, – деді ол.
КАТСУ НЕ ДЕДІ
Еске сала кетейік, бұған дейін Назарбаев университетінің бұрынғы ректоры Шигео Катсу сұхбат беріп, университеттің академиялық еркіндігі мен институционалдық дербестігіне қауіп төніп тұрғанын мәлім еткен еді. Ол былтыр күзде саяси қысымның салдарынан отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын айтқан. Әлі де университеттің қамқоршылық кеңесінің мүшесі екенін жеткізген еді.
Катсудың айтуынша, бұрынғы президент Назарбаев ашқан оқу орындары мен ұйымдар 2022 жылдан бастап биліктің қысымына ұшырай бастаған.
Катсу былтыр қазан айында Назарбаев университетінің Жарғысына түзетулер енгізілгенін, бұрынғы президентке қатысты тұстары жаңа редакцияланған Жарғыдан алынып тасталғанын айтты.