«Ендігі сөз Ресейде». АҚШ пен Украинаның Сауд Арабиясындағы келіссөздері немен аяқталды

Сырым Қаржас

Украина АҚШ-тың 30 күндік атысты тоқтату режимі туралы ұсынысына келісімін берді, бірақ бұл талапты Ресей де қабылдап, бір уақытта орындаған жағдайда ғана тоқтатамыз деді. Бұған жауап ретінде Вашигтон қару-жарақ тасымалын қайта бастап, барлау деректерімен алмасуды жалғастыруға уәде етті. Сауд Арабиясында өткен екі ел өкілдерінің келіссөздерінің басты қорытындылары осындай, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ВВС-ге сілтеме жасап.

https://static.nv.ua/

Келіссөздер қорытындысы

Джиддада өткен келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Украина бірлескен мәлімдеме жасады. Киев АҚШ-тың «уақытша 30 күндік атысты тоқтату режимін дереу енгізу туралы ұсынысын қабылдауға дайын» екенін мәлімдеді. Бұл режим екі тараптың өзара келісімі негізінде ұзартылуы мүмкін, бірақ оның орындалуы Ресейдің де бұл талапты қабылдап, бір уақытта іске асыруына байланысты.

АҚШ Ресей басшылығына бұл келісімге өзара жауап беру «бейбітшілікке жетудің кілті» екенін жеткізуге уәде етті.

Мәлімдемеде сондай-ақ Вашингтонның «барлау деректерімен алмасудағы үзілісті дереу тоқтататыны және Украинаның қауіпсіздігіне қатысты көмекті қалпына келтіретіні» аталып өтті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздердің қорытындысы бойынша «Енді доп Ресей жағында» деп мәлімдеді. Егер Ресей атысты тоқтату туралы ұсынысты қабылдамаса, онда «бейбітшілікке не кедергі болып тұрғанын, өкінішке қарай, білетін боламыз» деп атап өтті Рубио.

Украина президенті Владимир Зеленский де келіссөздерге пікір білдіріп, енді АҚШ «Ресейді бұған көндіруі тиіс» екенін айтты. Оның айтуынша, тыныштық «тек Ресей келіскен сәтте ғана орнайды».

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Джиддадағы келіссөздерде жүр

Келіссөздердің қорытындыларын Мәскеуге жеткізу мерзімі туралы сұраққа Рубио «мүмкіндігінше тезірек» деп жауап берді. Осыдан көп ұзамай, АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық өкілдердің Ресеймен кездесуі сейсенбі немесе сәрсенбі күні өтетінін хабарлады, бірақ оның қай жерде және кімдердің қатысуымен өтетінін нақтыламады.

Сонымен қатар, Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуді жоспарлап отырғанын айтты, бірақ «танго билеуге екеу керек» деген сөзін келтірді. Ол сондай-ақ бұл әңгіменің осы аптада өтуі мүмкін екенін жеткізді.

АҚШ президенті Владимир Зеленскийді тағы да Ақ үйге шақыратынын мәлімдеді.

Бірлескен мәлімдемеде Вашингтон мен Киевтің «Украинаның маңызды минералдық ресурстарын игеру жөніндегі жан-жақты келісімді» мүмкіндігінше тезірек жасасу туралы уағдаласқаны да көрсетілген.

Бұдан бөлек, кездесуде делегациялар атысты тоқтату режимі кезінде бейбітшілік үдерісінің маңызды бөлігі ретінде гуманитарлық бастамалардың мәнін талқылады. Олардың ішінде әскери тұтқындармен алмасу, ұсталған азаматтық тұлғаларды босату және күшпен көшірілген украиналық балаларды қайтару мәселелері бар.

Сондай-ақ, мәлімдемеде Украина келіссөздер үдерісіне Еуропаның қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздердің Киев үшін нәтижелерін ВВС Украинадағы тілшісі Святослав Хоменко талдайды:

Біріншіден, бұл мәлімдемеден Киевтің Дональд Трамптың әкімшілігі ұзақ уақыт бойы ұсынған реттеу жоспарын қабылдауға мәжбүр болғаны аңғарылады. Бұған дейін Украина соғысты тоқтату туралы кез келген келісімге қол қоймас бұрын елдің қауіпсіздігіне берілетін нақты кепілдіктерді талап етіп келген еді. Алайда, бұл талап енді ұмыт қалғандай.

Бұған қоса, бірнеше күн бұрын Владимир Зеленский ұсынған теңіз бен әуе кеңістігінде атысты тоқтату, бірақ құрлықта жалғастыру туралы ұсынысы да енді көтерілмейді. Қазір Киев ешқандай шартсыз атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеп отыр, ал бұл Трамп үшін Украина бейбітшілікке шын ниетпен ұмтылып отырғанының дәлелі болмақ.

Трамптың логикасы қарапайым: болашақта не боларын ешкім білмейді. 30 күндік бітім тағы 30 күнге созылып, кейін тағы бірнеше рет ұзартылуы мүмкін. Келіссөз топтары техникалық мәселелерді талқылап, ұзаққа созылған дипломатиялық процеске айналуы ықтимал. Бірақ Трамп үшін ең бастысы – майданда атыс-шабыс тоқтауы және адамдардың өлімінің алдын алу.

АҚШ президенті Минск келісімдері кезінде Ресейдің бірнеше мәрте бітімді бұзғанын назарға алып отырған жоқ. Оның үстіне, Владимир Путин оған соғысты аяқтағысы келетінін жеке айтқан, ал Трамп оған күмәнсіз сенеді.

Зеленский Ресейдің кез келген уақытша бітімді өз әскерін қайта топтастыру және қаруландыру үшін пайдаланатыны туралы пікірін өзгертті ме? Әрине, жоқ. Бірақ қазіргі жағдайда, Еуропа Украинаға көмек жағынан Вашингтонның орнын басуға дайын еместігін ескерсек, Киев үшін басқа амал қалмады. Ендігі сұрақ – бұл үзілісті Украина қалай пайдаланады?

Екіншіден, бейбіт келіссөздердегі «доп» енді Мәскеу жағында. АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф осы аптада Ресейге ұшып барады деген ақпарат тарады. Бұл келіссөздер белгісіз аймаққа қадам басқандай әсер қалдырады.

Путин бұған дейін соғыс аяқталғанға дейін, яғни «арнайы операцияның барлық мақсаттары орындалмайынша» атысты тоқтатуға келісетінін білдірген емес. Сондықтан Джиддада ұсынылған келісімге оның қандай жауап беретіні белгісіз.

Егер Путин келіссе, онда жақын арада бітімді ресми түрде бекітетін кездесу өтеді және Украина қауіпсіздігін ұзақ мерзімді қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды келіссөздер басталуы мүмкін. Бірақ егер Ресей басшысы бас тартса немесе нақты жауап бермесе, онда бұл жағдай қандай салдарға әкелетіні белгісіз. Бұл жағдайда Трамптың Путинге ықпал ете алатынын немесе қысым көрсетуге мүлде қабілетті емес екенін көреміз.

Үшіншіден, Джиддедегі келіссөздердің Украина үшін ең нақты әрі бірден сезілетін нәтижесі – АҚШ-тың «барлау деректерін алмасудағы үзілісті дереу тоқтатып, Украинаға қауіпсіздік саласындағы көмекті қайта бастау» туралы мәлімдемесі.

Украина қарулы күштерінің (ҚКУ) өкілдері бұған дейін америкалық көмектің уақытша тоқтатылуы майдандағы әскери дайындығына бірден әсер еткенін айтқан болатын. Сондықтан бұл жаңалық Украинада көпшіліктің көңілін көтерері анық.

Келіссөздер қалай өтті

Вашингтон мен Киев арасындағы келіссөздер Джиддада сегіз сағаттан астам уақытқа созылды.

Украина тарапынан кездесуге сыртқы істер министрі Андрей Сибига, қорғаныс министрі Рүстем Умеров және Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак қатысты. Жарияланған фотосуреттерде Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Павел Палис те көрінді.

АҚШ атынан келіссөздерге мемлекеттік хатшы Марко Рубио және президент Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц қатысты. Олар бұған дейін Эр-Риядта Ресеймен келіссөздер жүргізген. Джиддада кездесуге сондай-ақ Таяу Шығыс бойынша АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысуы тиіс болған, бірақ жарияланған фотосуреттерде ол байқалмады.

Алғашқы үш сағаттық келіссөздерден кейін CNN тілшісі кездесу өтіп жатқан Ritz-Carlton қонақүйінің фойесінде Рубио мен Уолтцты көрген. Журналистердің «келіссөздер қалай жүріп жатыр?» деген сұрағына Уолтц қысқаша «алға жылжып жатыр» деп жауап берген.

Украиналық жоғары лауазымды шенеунік AFP агенттігіне аты-жөнін атамау шартымен берген сұхбатында келіссөздер «қалыпты өтіп жатқанын, көптеген мәселелер қозғалғанын» айтқан. Дәл осындай бейтарап сипаттама Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермактың коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дарья Заривнаяның Telegram-арнасында да жарияланды.

Кездесу барысында Ермак өз парақшасында тек қол алысқан эмодзи мен екі делегацияның фотосын жариялады.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Джиддеден келген жаңалықтарды «позитивті» деп бағалап, кездесуді «нәтижелі» деп атады.