Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ ПРОЦЕСІ
Іс материалдарына сәйкес, осы заңды тұлғаны бастапқы мемлекеттік тіркеу 2021 жылғы 11 қазанда өткізілді. Бірлестіктің құрылтайшылары 10 адам, олардың есімдері Қайрат Перизатты қоса алғанда, құрылтай жиналыстарының хаттамаларында көрсетілген.
Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізіліп, қорытындысына сәйкес, 10 құрылтайшының 9-ның атынан құрылтай құжаттарына Қайрат Перизат қол қойған. Заңды тұлға Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес, заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заң бұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда, сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін.
- ҚР Жоғарғы Сотының «Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес - заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ заңды тұлғаны басшысын және (немесе) құрылтайшысын (қатысушысын) көрсете отырып тіркеу (қайта тіркеу) заңды тұлғаны тарату (жарамсыз деп тану) үшін негіз болады, делінген сот хабарламасында.
СОТ ШЕШІМІ
Бірлестікті құру кезінде анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, сот «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТТЫҢ ІСІ
Волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталып, тергеліп жатыр.
16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайрат Палестинаға деп ақша жинап, тағы 200 млн теңге жымқырғанын растады.
Сондай-ақ Ulysmedia.kz ресми ашық дереккөздер арқылы Перизат Қайрат басқарған Biz Birgemiz қоры жайлы мәліметтерге үңіліп көріп, қордың бірнеше құрылтайшысы барын анықтады.
Перизатпен бірге «Amanat» партиясының да аты қатар аталып, ел ішінде түсініспеушіліктер пайда болды. Осыған байланысты «Amanat» партиясының басшылығы өздерін «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын мәлімдеді.
22 МЛН
Жақында Перизат Қайрат тағы 22 млн теңге жинап алғаны белгілі болды. Қылмыстық іс 218-бап бойынша қаралып жатыр. Тағы бірнеше эпизод бар. Бұған дейін Палестинадағы жағдайға қатысты және су тасқынына қайырымдылыққа жинаған ақшалары туралы айтылған. Жақында анықталған жаңа эпизод бойынша Перизат Қайрат мүгедек жандарға реабилитациялық орталық ашамын деп аукцион ұйымдастырып, тағы 22 миллион теңге жинап алған.