Миллиардер Балушкиннің ісі бойынша жақында сот шешімі шығады

Аян Өрібай

Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Паңбаев Өскеменде миллиардер Анатолий Балушкиннің ісі бойынша сот процесіне әлі нүкте қойылмағанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Сот процесі әлі жалғасуда. Біз ғана емес (өнеркәсіп және құрылыс министрлігі), үкімет, қаржыландырған “Бәйтерек” холдингі соттасып жатыр.

Бұрын мемлекеттен берілген кедендік және салықтық жеңілдіктерді қайтарсын деген ұстанымдамыз. Сот әлі аяқталған жоқ. Прокуратура тарапынан қосымша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қателеспесем, жиналған дәлелдердің бәрін адамдарға бөлу мәселесі қаралып жатыр ғой деймін. Нақтысын прокуратура біледі, – деді ол.

Паңбаевтың айтуынша, аталған іс бойынша сот шешімі 17 наурызда шығады.

БИЗНЕСМЕННІҢ СОТЫ

Өскеменде аталған компанияның иесі болған миллиардер Балушкинді сырттай соттап жатқанын Ulysmedia.kz бұған дейін хабарлаған болатын. Қылмыстық іс Өскемен қаласының №2 сотында қаралады. Бизнесменге қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Іс бойынша жәбірленуші – First Heartland Jusan Bank пен Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Анатолий Балушкинмен қатар, «Азия-Авто» бас директоры болған Ерік Сағымбаевқа айып тағылған. 

Анатолий Балушкинге қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша айып тағылған. Ерік Сағымбаев та 190-баппен қатар, 245-бап (салықтан жалтару) бойынша іске ілінген.

БАЛУШКИН ДЕГЕН КІМ

Балушкин 1970 жылы Өскеменде дүниеге келген. Бизнесін тоқсаныншы жылдары комбайндарды сатудан бастаған. Араға уақыт салып, ол Ресейден көлік әкеп сата бастады. Кейін Азия Авто мен БИПЭК Авто Қазақстан атты компания ашып, бақылаушы акционеріне айналды. Балушкиннің байлығы, сарапшылардың бағалауы бойынша бір жылдары 150 миллион доллардан асқан.

2017 жылға қарай Балушкин Үкіметпен келісім-шарт бойынша зауытты толық өндірістік циклі бар кәсіпорынға айналдыруы керек еді. Бірақ жеңілдіктер де, артықшылықтар да көмектеспеді. 2019 жылдың соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зауыт басшылығы келісім аясында талап етілетін дәнекерлеу және бояу цехтарын құрмады деп шағым түсірді. 2021 жылдың қаңтар айының соңында компаниядан мемлекет пайдасына 173,9 млрд теңге шығындарды өндіріп алу жөнінде шешім қабылданды. ИИДМ Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын қолдап, республикалық бюджет кірісіне шығынды өндіріп алуды талап етті.

Балушкиннің автоөндірістен басқа туризммен, саудамен, медиамен байланысты басқа да көп компаниясы болған.

2020 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Балушкин Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер қатарында 37-ші орында болған. 

2021 жылдың 12 тамызында Қаржы мониторингі агенттігі Балушкиннің іздестіру жарияланғанын және сот оны ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша сырттай қамауға алуға санкция бергені жөнінде ақпарат таратты.