ХАМАС АҚШ азаматтығы бар соңғы тұтқынды босатуға дайын

Сырым Қаржас

ХАМАС тобы Израиль және АҚШ елдерінің азаматтығы бар тұтқынды босатуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл кепілдегі көзі тірі соңғы америкалық азамат, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.

 

Ibraheem Abu Mustafa/REUTERS

ОЛ КІМ

Сарапшылардің пікірінше, ХАМАС-тың бұл қадамы атысты тоқтату туралы АҚШ ұсынған келісімнің екінші кезеңін талқылауға дайын екенін аңғартса керек.

Кепілдегі адам Нью-Джерсиде (АҚШ) тұратын 21 жастағы Эдан Александр болуы ықтимал, ол тұтқынға алынғанда Израиль әскерінің қатарында қызмет атқарып жүрген.

Наурыз айының басында АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында Александрды босату «басты басымдық» екенін айтқан.

Сондай-ақ ХАМАС шетелдік азаматтығы бар төрт адамның денесін қайтаруға дайын, бірақ олар америкалықтар ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Израиль жұма күні ХАМАС-ты Газадағы бітімгершілік келіссөздерінде «манипуляция жасап, психологиялық соғыс жүргізеді» деп мәлемдеді.

Израиль тарапы Уиткоффтың ұсынысын қабылдаған кезде, ХАМАС одан үзілді-кесілді бас тартып, табандап тұрып алды, бір дюйм де алға баспады, - деді премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың кеңсесі Стив Уиткофф ұсынған келіссөздердің екінші кезеңінің жоспарына сілтеме жасап.

ЕКІНШІ КЕЗЕҢДЕ НЕ БОЛАДЫ

Келіссөздердің екінші кезеңінде, ХАМАС кепілге алынған барлық адамды тұтқыннан босатуға тиіс. Оған жауап ретінде Израиль тарапы жазасын өтеп жатқан жүздеген палестиналықты азат етіп, Газа секторы аумағынан әскерін толық әкетуі керек.

Бірақ 2 наурызда жағдай күрт өзгеріп, қос тараптың арасындағы бітігершілік келісімнің келесі кезеңін іске асыру қиындай түсті. Израиль ХАМАС-ты тұтқыннан босағандар мен өлген адамдардың денесін беру кезінде құрметсіздік танытты деп айыптады (мұнымен БҰҰ да келісті) және сол үшін Газаға гуманитарлық көмек беруді тоқтатқан.

Сонымен қатар Израиль келісімнің екінші кезеңін талқылау басталмай тұрып кепілге алынғандардың бәрін (тірі және өлі адамдарды түгел) қайтаруды талап етіп отыр.

ҚАНША АДАМ БОСАТЫЛДЫ

5 наурызда АҚШ тұтқындарды босату жөнінде ХАМАС-пен тікелей келіссөздер жүргізіп жатқанын, сондай-ақ Газа соғысын тоқтату туралы кеңірек келісім жасайтынын мәлімдеді.

Эдан Александрды тұтқыннан босату мәселесі де екінші кезеңдегі келісімдер аясында іске асырылатынын айта кету керек.

Ақ үй ХАМАС-пен байланыс тек Израильмен кеңескеннен кейін болатынын атап өтті.

Газа аумағындағы соғыс биыл 19 қаңтарда атысты тоқтату туралы келісімнің бірінші кезеңі аясында тоқтатылған. Содан бері ХАМАС кепілдегі 33 Израиль және 5 Тайланд азаматын 2000-ға жуық палестиналық тұтқынға айырбастады. Олардың дені терроризм үшін сотталғандар.