АҚШ Йеменде хуситтерге қарсы жаппай әуе шабуылын бастады, деп хабарлайды Ulysmedia
Бұл туралы президент Дональд Трамп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – көтерілісшілердің әлемдік мұнай саудасындағы маңызды бағыттардың бірі саналатын Қызыл теңіздегі кемелерге жасаған шабуылдарына жауап.
Америка президенті Truth Social әлеуметтік желісінде былай деп жазды:
Бүгін мен АҚШ Қарулы күштеріне Йемендік террористер: хуситтерге қарсы шешуші әрекетке көшуге бұйрық бердім.
Трамптың айтуынша, әуе соққылары қарсы тарап шабуылдарын тоқтатқанға дейін жалғаспақ.
Мен хусит террористеріне ескертемін: сіздердің уақыт аяқталды. Сіздер бүгін шабуылды тоқтатуларыңыз керек. Әйтпесе, сіздерді бұрын көрмеген тозақ күтіп тұр, – деді АҚШ президенті.
Оның айтуынша, америкалық әскерилер Йеменде көтерілісшілер орналасқан базаларға, топ жетекшілерінің командалық пункттеріне, әуе шабуылына қарсы қорғаныс нысандарына соққы берген.
Йеменнің Денсаулық сақтау министрлігі әуе шабуылдарынан тоғыз адам қаза тауып, тағы тоғызы жарақат алғанын хабарлады.