Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиге тағы бір сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саакашвили мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танылды. Ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл іс бойынша одан бөлек тағы төрт адамға айып тағылды. Бұл істер бойынша сот процестері бөлек жүргізіліп жатыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Михаил Саакашвилиді "пенжектер ісі" бойынша 9 жылға соттау туралы сот үкімі шыққан болатын.
“Эхо Кавказа” мәліметінше, Грузияның экс-президенті мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін сотталған.
Сонымен қатар, сот арнайы күзет қызметінің бұрынғы басшысы Теймураз Джанашияны қызмет бабын асыра пайдаланды деп танып, 300 мың лари көлемінде айыппұл салды.
Прокуратураның мәліметінше, 2009 жылдың 1 мамырынан 2013 жылдың 25 ақпанына дейін Саакашвилидің ұйымдастыруымен мемлекеттік бюджеттен 9 миллион лари жұмсалған. Бұл сол жылдардағы шамамен 5,4 миллион доллар. Ақша жеке мақсаттар үшін жұмсалған.
“ПЕНЖЕКТЕР ІСІ” ДЕГЕН НЕ
Айыптау актіндегі мәлімет бойынша, Саакашвили мемлекет қаржысына пенжек (пиджак), пәлте сатып алып, ақшаны басқа да жеке мақсаттарына жұмсаған.
СААКАШВИЛИ
Саакашвили 2021 жылдың 1 қазанында Грузияда ұсталды. Қазіргі уақытта ол жазасын өтеп жатыр. Ол екі іс бойынша сотталды: Сандро Гиргвлианиді өлтіргендерге рақымшылық жасағаны үшін және депутат Валерий Гелашвилиді соққыға жыққаны үшін. Екі жағдайда да ол сырттай сотталды.