Алматыда қар көшкіні болды: зардап шеккендер бар

Сымбат Сатыбалдина

Алматыда қар көшкіні жүрді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Құтқару қызметі хабарлады. Зардап шеккендер бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ТЖМ

ХАБАРЛАМА

Бүгін 14:57-де «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының диспетчері солтүстік Талғар аймағында, Богданович мұздығы асуының жоғарғы жағында қар көшкіні болғанын хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер бар, бірақ олардың нақты саны мен жағдайы әлі белгісіз.

Оқиға орнына құтқарушылар жіберілді. «Тұйық-Су» бақылау-құтқару бекетінен бес адамнан және бір техникадан тұратын топ жолға шықты. Сонымен қатар, апат орнына «Шымбұлақ» пен РОСО құтқарушылары да бара жатыр.

ҚОСЫМША АҚПАРАТ

15:18-де тағы бір техника мен кинологиялық топ жіберілді. Құтқару жұмыстары жалғасуда, толық мәлімет кейінірек белгілі болады.

ЕСКЕРТУ

Таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі жоғары. Кәсіби мамандардың сүйемелдеуі мен арнайы жабдықсыз тауға шығу өмірге қауіпті болуы мүмкін. Құтқарушылар туристер мен белсенді демалыс әуесқойларын қауіпсіздік шараларын сақтауға және қар көшкіні жағдайы туралы ақпаратты алдын ала тексеруге шақырды.