Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтың үстінен жоғарғы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ақпарат сот кабинетінде пайда болды.
Іс судьяға 17 наурызда жолданған. Бірақ іс нақты қандай шағым бойынша сотқа жолданғаны белгісіз.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевтан Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін ағасы Айтбек Амангелді моральдық және материалдық шығынды өндіру туралы арыз жазған болатын.
Айтбек Амангелдінің арызы сот кабинетінде жарияланды.
БИШІМБАЕВ ІСІ
Еске сала кетсек, былтыр 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды.
Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылған. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.