Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путин мен Дональд Трамптың Украина бойынша телефон арқылы келіссөзінің қорытындысын құптайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.
“Президент екі елдің көшбасшылары нақты уағдаластықтар негізінде Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды ұзақмерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге ниетті екендерін көрсетті деп санайды.
Мемлекет басшысы бұған дейін барлық державаларды Украина бойынша «Бейбітшілік формуласын» әзірлеу мақсатында келіссөздер процесін бастауға шақырып, БРИКС саммитінде Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспарын қолдаған болатын”- деп жазды Руслан Желдібай.
БҰҒАН ДЕЙІН
18 наурыз, сейсенбі күні, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескенін жазған едік.
Әңгіме екі жарым сағатқа созылды. Бұл туралы Ақ үй басшысының көмекшісі және аппарат басшысының орынбасары Дэн Скавино хабарлады.
CNN телеарнасы ресейлік дереккөзге сілтеме жасай отырып, Путин мен Трамптың телефон әңгімесі "өте жақсы" өткенін хабарлады.
"Әңгімемен таныс ресейлік дереккөз CNN-ге оның "өте жақсы" өткенін айтты", - делінген телеарна жариялаған материалда.
КРЕМЛЬ МӘЛІМДЕМЕСІ: УКРАИНА ЖАҒДАЙЫНА ҚАТЫСТЫ ПІКІР АЛМАСУ
Кремль мәлімдемесінде Украина төңірегіндегі жағдай бойынша пікір алмасу "жан-жақты және ашық" өткендігі айтылды.