"Айтбектің араласқаны керек емес". Қаржаубайдың қарындасы күтпеген мәлімдеме жасады

Сымбат Сатыбалдина

Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымова күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ҚОРҒАУШЫЛАРДАН БАС ТАРТУ ТУРАЛЫ

Перизат Нұрымова адвокат Димаш Қаматаймен бірге мәлімдеме жасады. Күні кеше Айтбек Амангелді Шерзат ісінде Қаржаубай Нұрымов адвокаттарынан бас тартқанын хабарлаған еді. 

- Айтбектің берген сұхбатына байланысты біздің берер жауабымыз: отбасы адвокаттардан бас тартқан жоқ. Адвокаттардың алты ай бойы жүргізген үлкен еңбегіне рақмет айтады. Бірақ соңғы күндері болған жайттарға байланысты Айтбектің бұл істе әрі қарай атсалысуы керек емес, дейді Димаш Қаматай.

ҚАРЖАУБАЙДЫҢ СЕНІМХАТЫ

Сонымен қатар, Перизат Нұрымова Айтбек Амангелдінің берген сұхбатына байланысты пікір білдірді. 

- Сұбатқа байланысты біршама сұрақ пайда болды. Соған байланысты Қаржаубайдың өзі берген сенімхатымен жауап бере кетсек дедік. Нақтылай кетер болсақ, қорғаушылардан Қаржаубай бас тартқан жоқ. Қорғаушылардан бас тарту дегенді Айтбек мырзаның өзі шығарды. Оның себебін өзі түсіндіре кетер. Қаржаубай Айтбек мырзаның адамға деген дөрекілігі, шамадан тыс артық сөйлеуіне байланысты Айтбек мырзаның өзіне Қаржаубай ескерту берген болатын. “Бұлай іс насырға шапса екеуіміз келіспесек, қорғаушылармен келісімшартты бұзамын” деген ескерту ғана берген. Жеке нөміріне жазған. Оны не үшін жариялап жібергені бізге де анық емес. Оған Айтбек мырзаның өзі жауап берер, дейді Перизат Нұрымова. 

ЖАҢА ҚОРҒАУШЫЛАР

Екінші мәселе қазір құралып жатқан қорғаушылар құрамы туралы болған. 

- Қазіргі таңда құралған қорғаушылар нақты бес адам деп біз ешкімге жариялаған жоқпыз. Қазіргі қорғаушылар алдынғы құраммен бірге істі алып жүрсе игі еді. Саида Тәуекелова, Марал ханым, Карина ханым және осы құрамда жүрген басқа да қорғаушыларға алғысымыз шексіз. Алты ай үздіксіз сол іспен айналысу оңай емес. Біз қорғаушылардан бас тартқан жоқ, дейді Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы. 

Үшінші сұрақ – ақша жинауға қатысты. 

- Ақша жинау жайлы айтылған екен. Басында біз адвокат таппаған кезде ақша жинағанымыз рас. Үш күн ақша жиналды. Адвокат тапқан соң оны тоқтатқан болатынбыз. Айтбек мырза мен туралы да жеке айтып өткен болатын. Мен оны қазақтың “жылу жинау” дәстүріне сай жинаған болатынмын. Жылу жинау жайлы Саида Тәуекелова да, Айтбек мырза да білген болатын. Өзім де ескерткен болатынмын, дейді Перизат Нұрымова. 

Еске салайық, бұған дейін тергеу толық аяқталып, іс прокурорға жолданғанын хабарлаған едік. 

Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды.

ТЕРГЕУ БАРЫСЫ

Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды.

Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді.