"Қазақмыс" корпорациясы өз кен орындарында қауіпті аймақтардың анықталуына байланысты өндірісті ішінара тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖОҒАРЫ ҚАУІП ДЕҢГЕЙІ БАР ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕР ТОҚТАТЫЛАДЫ
Қауіпсіздік үшін өндіріс орындарындағы жұмыс уақытша тоқтайды.
“"Қазақмыс" тобының өндірістік нысандарында жазатайым оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты корпорация басшылығы бүгіннен бастап бекітілген кестелерге сәйкес жоғары қауіп деңгейі бар барлық технологиялық үдерістерді тоқтату туралы шешім қабылдады. Кен орындары тоқтаған кезеңде барлық жұмыс түрлеріне қауіпсіздік ережелерінің талаптарына сәйкестігін анықтау үшін жан-жақты тексеру жүргізіледі. Барлық бұзушылықтар жойылғаннан кейін ғана осы учаскелерде жұмыстар қайта қалпына келтіріледі", - делінген сәрсенбі күні "Қазақмыс" хабарламасында.
Компания сондай-ақ барлық өндірістік нысандарында жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, инженерлік-техникалық персоналды қайта аттестациядан өткізетінін, жерасты жұмыс орындарын қадағалап, құтқару жабдықтарының дайындығын, қызметкерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік техникасы мен төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін білуін тексеретінін мәлімдеді.
БҮГІН ҒАНА
«Қазақмыс» компаниялар тобы 19 наурызда Ұлытау облысында орналасқан Шығыс-Жезқазған кенішінде жазатайым оқиға болғанын мәлімдеді.
№57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылғы жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін кейінгі 15 жылда «Қазақмыс» кәсіпорындарында қанша қызметкер қаза тапқанын жазған едік. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің жеті қызметкерінің денесін тапты.
Артынша Ұлытау облысында үйінді астында қалған жеті кеншінің суреттері жарияланды. Сонымен қатар, 20 ақпанда «Қазақмыс» қаза тапқан жеті кеншінің отбасына көрсетілетін көмекке қатысты мәлімдеме жасады.
ШАХТАДАҒЫ АПАТ
17 ақпан күні кешке Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясының "Жомарт" кенішінде тау-кен массасы құлаған. Сол жерде шахтаның жеті қызметкері болды. Кабельдердің үзілген соң жұмысшылармен байланысу мүмкін болмаған.