Кенесары ханның өлімі үшін қазақтардан кешірім сұраған қырғыз әншісі Қайрат Пірімбердиевке 100 мың сом айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Әншінің өзі Facebook желісіндегі парақшасында бүгін сот оған Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің «Нәсілдік, ұлттық, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша 100 мың сом айыппұл салғанын хабарлады. Бұл шамамен 588 516 теңге.
ҚАМАУ
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті әнші Қайрат Примбердиевті қамауға алған болатын.
НЕ ҮШІН ҚАМАЛДЫ
Пірімбердиев ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдеме жасағаны үшін қамауға алынған. Сондай-ақ ведомство әншінің елден шығуына тыйым салды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қырғызстан заңнамасына сәйкес, ұлтаралық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
КЕШІРІМ СҰРАУ
Бұған дейін қырғызстандық әнші Қайрат Примбердиев қазақ халқынан Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған болатын. Қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында ол тарихи оқиғаларға қатысты пікір білдіріп, өткенге өкініш білдірген. Әнші қырғыз ханы Ормон ханның Кенесары Қасымовтың басын алуға мәжбүр болғанын айтып, қазақ халқынан кешірім сұраған:
- Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болған. Мен бұл үшін қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Қазір жылағым келіп тұр, расында. Біз Кенесары ханның басын қайтарып, Құран оқып, бұл ренішті лайықты түрде ұмытуымыз керек, – деген еді әнші.
ӘНШІ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ
Алайда бұл мәлімдемесі үшін ол Қырғызстанда сынның астында қалды. Кейбіреулер “Қазақстанның пропагандасына ерді” деп айыптады. Қырғызстанның мәдениет вице-министрі Марат Тағаев бұл жағдайға қатысты пікір білдірген. Шенеуніктің пікірінше, қырғыздар өз жерін қорғаған Ормон ханның әрекеті үшін кешірім сұрамауы керек. Ол жастардың тарихын дұрыс түсінуі үшін Қырғызстанда өздерінің тарихи фильмдерін түсіру қажет екенін атап өтті.