Украина президенті Владимир Зеленский Украина мен АҚШ арасындағы украин және ресей армиялары арасындағы ішінара атысты тоқтату туралы келіссөздердің өтетінін растады. Кездесу 24 наурызда Сауд Арабиясында өтеді. Бұл туралы ол 20 наурызда Ослода Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёремен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЗЕЛЕНСКИЙ АҚШ-ПЕН АТЫСТЫ ТОҚТАТУ ТУРАЛЫ КЕЛІССӨЗДЕР ӨТЕТІНІН ХАБАРЛАДЫ
Зеленскийдің айтуынша, келіссөздерде Украинаны "техникалық топ" таныстырады. Алдымен Украина мен АҚШ тараптарының кездесуі өтеді, содан кейін америкалықтар ресейліктермен кездеседі. Ол Вашингтонның ұсынысына сілтеме жасай отырып, келіссөздердің негізгі тақырыбы энергетикалық нысандарға қатысты атысты тоқтату режимін орнату екенін нақтылады.
Украина басшысы бұл тізімге азаматтық инфрақұрылым нысандарын да қосу қажеттігін баса айтты. Ол сарапшылар топтары осындай нысандардың тізімін дайындайтынын атап өтті.
"Мен тараптар не туралы келісетініне қатысты түрлі түсініктемелер болмауын қалаймын", - деді Владимир Зеленский.
Оның айтуынша, бұл шешім атысты толық тоқтату мен соғысты аяқтау жолындағы алғашқы қадам болуы мүмкін.
РФ ДЕЛЕГАЦИЯ МҮШЕЛЕРІН АТАП КӨРСЕТТІ
Осы күні РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Ресей мен АҚШ делегацияларының Эр-Риядтағы кездесуі 24 наурызға жоспарланғанын хабарлады. Оның айтуынша, Қара теңіз акваториясында кеме қатынасының қауіпсіздігі жөніндегі бастаманы қайта жаңғырту мәселесі де талқыланады. Ресей атынан келіссөздерге Федерация Кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Григорий Карасин мен ФҚҚ директорының кеңесшісі Сергей Беседа қатысады.
Өз кезегінде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сауд Арабиясындағы келіссөздер барысында РФ мен Украина арасындағы соғысты тоқтатудың басқа да "нәзік тұстары" мен "аспектілері" талқыланатынын мәлімдеді.
УКРАИНА МЕН АҚШ ДЕЛЕГАЦИЯЛАРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІ
Украина мен АҚШ делегацияларының алғашқы кездесуі 11 наурызда Жидда қаласында өтті. Сол кезде АҚШ пен Украина өкілдері 28 ақпанда Ақ үйдің Оваль залында Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында болған кикілжіңнен кейін Ресей мен Украина арасындағы соғысты аяқтау мүмкіндігі туралы сындарлы диалогты қайта бастауға мүмкіндік алды.