Ресей банкоматтары жаңа үлгідегі банкноттарды қабылдамай жатыр. Себеп – санкцияға байланысты банкоматтарды қайта бағдарламалайтын маман жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ресей Федерациясындағы кем дегенде бірнеше ірі банктің банкоматтары айналымға жақында енген жаңа дизайндағы 5000 рубльді «танымай» жатқаны туралы «Известия» хабарлады. Жаңа ақшаларды жатырқайтын банкоматтар «Альфа-Банк», «ВТБ», «Совкомбанк» және «Новикомбанк» қатарлы қаржылық институттарға тиесілі көрінеді.
«Новикомбанк» өкілінің айтуынша, Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін елдегі ATM өндіретін және қызмет көрсететін компаниялар кетіп қалған. Нәтижесінде ресейлік банктерге банкоматтардың бағдарламалық жасақтамасын жаңарту және оларды жаңа банкноттарды қабылдайтындай етіп қайта құрылымдау қиынға соққан.
Сондай-ақ тағы бір банк өкілінің айтуынша, банкоматтардың бағдарламалық қамтамасыз етусіз (БҚ) қалуы жаңа банкноттарды айналымға енгізудің кешігуіне себеп болған. Айта кетсек, Ресейде 5000 рубльдік жаңа ақшалардың дизайны 2023 жылдың қазан айында таныстырылған.
«ВТБ» банкомат мәселесі апта соңына дейін шешілетінін мәлімдеді.