Олигарх Анатолий Балушкин Ресейге соғысқа арналған «Пластун» тасымалдағышын тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қашқын олигархтың видеосын «Ахмат» арнайы жасағының командирі Апти Алаудинов жариялады. Балушкиннің айтуынша, бұл техника Новосібірде жасалып, шығарылған.
– Бүкіл құрамдас бөліктері ресейлік. Мұнда бірде-бір шетелдік қосалқы бөлшек немесе элемент жоқ, деп мақтанды видеода Балушкин.
Әзірге тек бір дана жөнінде сөз болып отыр. Қазіргі уақытта машина сынақтан өтуде.
Ресейлік «Пластун» тасымалдағышы 2024 жылдың тамызында «Армия-2024» форумында таныстырылған. Оны жасап шыққандардың айтуынша, ол жараланғандарды эвакуациялауға қолданылуы мүмкін. Техника кейбір тораптары бойынша «Нива», «Газель» және УАЗ көліктерімен үйлестірілген.
БИЗНЕСМЕННІҢ СОТЫ
Өскеменде аталған компанияның иесі болған миллиардер Балушкинді сырттай соттап жатқанын Ulysmedia.kz бұған дейін хабарлаған болатын. Оның ісі бұл істен жеке қаралып жатыр. Бизнесменге қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Іс бойынша жәбірленуші – First Heartland Jusan Bank пен Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі). Анатолий Балушкинмен қатар, «Азия-Авто» бас директоры болған Ерік Сағымбаевқа айып тағылған.
Анатолий Балушкинге қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық), 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша айып тағылған. Ерік Сағымбаев та 190-баппен қатар, 245-бап (салықтан жалтару) бойынша іске ілінген.
Былтыр шілдеде сотталушылардың құқығын қорғайтын адвокаттар Балушкин мен Сағымбаевтың ісін Ресейдің құзыретті органдарына жіберу жөнінде өтініш білдірген еді.
БАЛУШКИН ДЕГЕН КІМ
Балушкин 1970 жылы Өскеменде дүниеге келген. Бизнесін тоқсаныншы жылдары комбайндарды сатудан бастаған. Араға уақыт салып, ол Ресейден көлік әкеп сата бастады. Кейін Азия Авто мен БИПЭК Авто Қазақстан атты компания ашып, бақылаушы акционеріне айналды. Балушкиннің байлығы, сарапшылардың бағалауы бойынша бір жылдары 150 миллион доллардан асқан.
2017 жылға қарай Балушкин Үкіметпен келісім-шарт бойынша зауытты толық өндірістік циклі бар кәсіпорынға айналдыруы керек еді. Бірақ жеңілдіктер де, артықшылықтар да көмектеспеді. 2019 жылдың соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зауыт басшылығы келісім аясында талап етілетін дәнекерлеу және бояу цехтарын құрмады деп шағым түсірді. 2021 жылдың қаңтар айының соңында компаниядан мемлекет пайдасына 173,9 млрд теңге шығындарды өндіріп алу жөнінде шешім қабылданды. ИИДМ Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотын қолдап, республикалық бюджет кірісіне шығынды өндіріп алуды талап етті.
Балушкиннің автоөндірістен басқа туризммен, саудамен, медиамен байланысты басқа да көп компаниясы болған.
2020 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Балушкин Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер қатарында 37-ші орында болған.
2021 жылдың 12 тамызында Қаржы мониторингі агенттігі Балушкиннің іздестіру жарияланғанын және сот оны ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша сырттай қамауға алуға санкция бергені жөнінде ақпарат таратты.