Қазақстанның сырқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин наразылық болып жатқан Түркияға бармай-ақ қоюға кеңес берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РАХМЕТУЛЛИН НЕ ДЕЙДІ
Ол жақта зардап шеккендер жоқ (Қазақстан азаматтары жайлы). Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, бас консулдық Измирде, Ыстанбұлда да, Анталияда да бар. Біз өте проактивті жұмыстарды атқардық. Азаматтарымызға, сонда жүрген студенттерге, туристерге ескерту жасадық. Адам көп жиналатын орындарға бармауға кеңес бердік. Консулдықта бірнеше мың адам есепте тұр, – деді ол мәжіліс кулуарында.
Шенеунік “өз атымнан айтар болсам, мен күте тұрар едім. СІМ емес, өз атымнан айтқанда, бармай күте тұрар едім. Шабадан көтеріп, екі шақырым жаяу жүретін жағдай болуы мүмкін. Өйткені наразылықтар болып жатыр” деп қосты.
ИМАМОҒЛЫНЫҢ ҚАМАУҒА АЛЫНУЫ МЕН ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҰСЫНЫЛУЫ
19 наурызда Экрем Имамоғлы жемқорлыққа қатысты айыппен қамауға алынды. Оның жақтастары бұл айыптарды саяси қысым деп санайды. Қамауға алынғанына қарамастан, РХП оны президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Праймериз нәтижесінде ол 15 миллионға жуық дауыс жинап, алдағы сайлауда Ердоғанның негізгі қарсыласына айналды.
ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ
Имамоғлыны Түркияның түкпір-түкпіріндегі миллиондаған партияластары қолдап, наразылық шерулерін өткізуде. Оны көпшілік алдында Анкара мэрі Мансур Яваш та қолдап, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді талап етті.
Айта кетейік, Ердоған Түркия билігінде 21 жылдан астам уақыттан бері отыр. Ол 2003 жылы премьер-министр, ал 2014 жылдан бері ел президенті болып келеді. Сауалнама нәтижелері бойынша, Имамоглу жастар мен қала тұрғындары арасында жоғары сенімге ие, ал Ердоған негізінен консервативті және егде жастағы сайлаушыларға сүйенеді.